Мақтааралда күзгі көгалдандыру жұмыстары қарқын алды

Өткен аптаның сенбі күні Мақтаарал ауданында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудандық сенбілік өтті. Іс-шараға аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері және еріктілер белсенді қатысты.
Сенбіліктің басты мақсаты – ауданның экологиялық ахуалын жақсарту, көгалдандыру жұмыстарын күшейту және тұрғындар арасында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру болды.
Аудан әкімдігі бекіткен 2025 жылдың күзгі көгалдандыру жоспарына сәйкес, жалпы 25 300 түп ағаш көшетін отырғызу қарастырылған. Қазіргі таңда оның 4 500-ге жуығы егілген, бұл – жоспардың алғашқы кезеңінің сәтті басталғанын көрсетеді.
Қараша айында көгалдандыру жұмыстары қарқын алды: 12 қараша күні 3 600 дана қараағаш көшеті, 15 қараша күні 12 000 дана қараағаш көшеті ауданға жеткізілді. Осылайша, осы айда жалпы 20 100 түп көшет жеткізіліп, көгалдандыру қоры толықтырылды.
Екпе ағаштар ауданның бірнеше аймақтарына отырғызылуда: республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына, мекеме ғимараттарының айналасына, саябақтар мен қоғамдық демалыс орындарына көшет отырғызу жұмыстары жүргізілуде.
Ағаштардың жерсінуін қамтамасыз ету мақсатында суару жүйесі де орнатылған. Көшеттер МП-80 су айдау насостары арқылы жүйелі түрде суарылып отыр.
Аудан басшылығының айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар Мақтааралдың жасыл желегін көбейтіп қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы экологиялық ортаны қалыптастыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбілік тұрғындардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттырып, қоғамды ортақ іске жұмылдыруға ықпал етеді.





