ТАУКЕНТТЕ БІЛІМ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Созақ ауданындағы білім беру мекемелерін жаңғырту бағытындағы кешенді жұмыстар жалғасуда. Бұл жолы «KATKO» БК ЖШС және оның стратегиялық әріптесі Orano Mining компаниясының басшылығы Таукент кентіне жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік бастамалардың орындалу барысын көзбен көрді. Делегация құрамында Orano Mining компаниясының аға вице-президенті Ксавье Сен-Мартен Тийе, KATKO Бас директоры Закария Эль Марзуки, аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов және компанияның коммуникациялар және КӘЖ басқармасының жетекшісі Айнаш Шеңгелбаева болды.
Қонақтар І.Кеңесбаев атындағы жалпы білім беретін мектепке арнайы барып, KATKO компаниясы орнатып жатқан жаңа буындағы интерактивті оқу жабдықтарымен танысты. Бұл – аймақтағы білім беру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды бастаманың бір бөлігі.
Компанияның мәліметінше, Orano Mining стратегиясы аясында Тасты, Шу және Таукент елді мекендеріндегі мектептерде жалпы саны он оқу кабинеті толық жаңғыртылуда. Жобаның жалпы құны 104 млн теңгеден асады. Соның ішінде Таукенттегі кабинеттерге 39,5 млн теңге көлемінде инвестиция бағытталған.
Жаңартылған кабинеттердің материалдық-техникалық жабдықталуы заман талабына сай. Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі және физика кабинеттері толықтай қайта жабдықталып, жаңа парталар, эргономикалық орындықтар, компьютерлер, мультимедиа жүйелері және жоғары айырымдылықтағы 4K интерактивті панельдер орнатылды.
Физика кабинеті 100-ден астам зертханалық құралдармен, түрлі датчиктермен және модельдеу бағдарламалық жасақтамасымен толықты. Ал тіл пәндеріне арналған кабинеттер цифрлық оқыту әдістерін енгізуге мүмкіндік беретін заманауи техникалық базамен қамтамасыз етілген.
KATKO компаниясы тек білім саласында ғана емес, әлеуметтік қолдау бағытында да өңірдегі тұрақты серіктестердің бірі саналады. Компания бірнеше жыл қатарынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп, балаларға жаңа жылдық сыйлықтар үлестіру, ардагерлерге баспа басылымдарына жазылым ұйымдастыру, студенттерге стипендиялық қолдау көрсету сияқты шараларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, қыс мезгілінде жүздеген отбасына көмір жеткізіп беру, ауылдарды көгалдандыру және жарықтандыру бойынша жобалар атқарылуда. 2025 жылға арналған әлеуметтік қолдау бағдарламаларының бюджеті 300 млн теңгеге жақындаған.
Жалпы алғанда, компания соңғы жылдары Созақ ауданында 6,3 млрд теңгеден асатын қаражатқа 450-ден астам әлеуметтік жобаны іске асырған.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов компанияның ұзақ мерзімді қолдауы үшін алғысын білдіріп, аталған жобалар өңірдің әлеуметтік әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосып жатқанын атап өтті.
Ал KATKO Бас директоры Закария Эль Марзуки білім беру саласын дамыту компания үшін басым бағыттардың бірі екенін айтып, қолдау іс-шаралары алдағы жылдары да жалғасатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, биыл 22 қазанда Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков пен KATKO компаниясының басшылығы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған алдағы үш жылға арналған бірлескен жоспарға қол қойған болатын. KATKO компаниясы ауданмен серіктестігін стратегиялық бағыт ретінде қарастырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуды негізгі міндеттердің бірі санайды.





