ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ОРДАБАСЫДА МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕСЕБІНЕН ЖАҢА ӨНЕР МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

 

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында музыкалық бағыттағы «Өнер мектебі» пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, мектеп оқушылары мен ұстаздары, тұрғындар қатысып, жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

Ашылу шарасында Зұлпыхар Жолдасов:
– Өңірімізде әлеуметтік нысандар ашылып, ауыл инфрақұрылымы жақсарып келеді. Бүгін біз осындай маңызды жобалардың бірі – жаңа өнер мектебін пайдалануға беріп отырмыз. Бұл мекеме ауданның рухани дамуына, жас буынның өнерге деген қызығушылығын арттыруға үлкен серпін береді. Құрылыс мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. 870 миллион теңгеден астам қаражат халық игілігіне бағытталды. Бұл – Президентіміздің «Қайтарылған әрбір актив ел игілігіне жұмсалуы тиіс» деген ұстанымының нақты орындалуы, – деді.

Жаңа нысан 2025 жылдың сәуір айында салына бастады және желтоқсан айында толық аяқталды. 300 орындық «Өнер мектебі» балалардың музыкалық білім алуына, шығармашылық қабілетін дамытуға барлық жағдаймен қамтылған. Ғимаратта 150 орындық мәдени іс-шаралар залы, кітапхана, топтық жаттығу бөлмелері, ұлттық аспаптар, гитара, фортепиано сабақтарына арналған кабинеттер, музыкалық аспаптар бөлмесі бар. Екінші қабатта дыбыс жазу студиясы, хор үйірмесі, халық аспаптары бөлмесі, сахна және сахналық жабдықтар қоймасы орналасқан.

Жаңа мектеп – 1974 жылы салынған ескі ғимараттың орнына тұрғызылды. Бұрынғы мектеп санитарлық талаптарға сай келмейтін, апатты жағдайда жұмыс істеген. Соңғы жылдары 400-ден астам бала білім алып, 45 мұғалім тар әрі суық бөлмелерде сабақ өткізген. Енді бұл мәселе толық шешілді.

Темірландағы жаңа мектеп ауылдың мәдени өмірін жаңғыртып, жаңа таланттардың дамуына жол ашады. Балалар енді музыка мен хореографияны заманауи студияларда, кең әрі жарық кабинеттерде меңгеріп, шығармашылық қабілеттерін еркін дамыта алады. Бұл – мемлекетке қайтарылған активтердің қоғамға нақты пайда әкелуінің айқын үлгісі.

Елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл қаражат жүздеген әлеуметтік нысанның құрылысын және жаңғыртуын қаржыландыруға бағытталуда. Түркістан облысында осы қор есебінен шамамен 30 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның ішінде елді мекендерді ауыз сумен қамту, медициналық нысандарды күрделі жөндеуден өткізу және басқа да әлеуметтік жобалар бар.