ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА ЖАҢА АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРА ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысының Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында аудандық прокуратураның жаңа ғимараты өз қызметін бастады. Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков, ҚР Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Миразов, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан жұртшылығы мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ашылу рәсімінде ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков жаңа ғимараттың қолданысқа берілуімен құттықтап, аудандық прокуратура ұжымының азаматтардың құқықтары мен заңдылықты қорғау жолында алдағы уақытта да абыроймен еңбек ететініне сенім білдірді. Ол прокуратура қызметінің сапалы атқарылуына жағдай жасау – мемлекеттің басты саясаты екенін атап өтті.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов:
– Бүгін қасиетті Ордабасы жерінде қуанышты сәтте жиналып отырмыз. Темірлан ауылында прокуратураның жаңа ғимараты ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда Заң мен тәртіпті орнықтыруды маңызды деп атап өтті. Осы бағытта прокуратура саласының өкілдерінің қажырлы еңбегі қажет. Жаңа ғимарат – құқықтық жүйенің дамуы мен болашаққа сенімнің символы. Сала қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау «Әділетті Қазақстан» идеясына сай маңызды қадам. Аудандық прокуратура ұжымы осы ғимаратта азаматтардың құқықтарын қорғауда аянбай еңбек ететініне сенемін. Ғимарат заманауи талаптарға сай салынған және құқық қорғау қызметкерлеріне сапалы жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған, – деді.

Іс-шара барысында ғимарат құрылысына қатысқан мердігер компания өкілдері мен жұмысшылар марапатталды, қонақтар жаңа нысанды аралап көріп, ауласына ағаш көшеттерін отырғызды.

Жаңа прокуратура ғимараты жергілікті бюджет есебінен бой көтерді. Құрылыс жұмыстарын «Строй Жол Сервис KZ» ЖШС 2024 жылғы қыркүйекте бастаған. Екі қабатты ғимараттың жалпы алаңы 860 шаршы метрді құрайды, нысан 0,20 гектар аумақты қамтиды.

Бұл бастама азаматтардың құқықтарын қорғау сапасын арттыруға, құқықтық мәдениетті нығайтуға және қоғамда әділдік орнатуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.