ТҮРКІСТАНДА ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАҒА ЖАҢА ҒИМАРАТ АШЫЛДЫ

Түркістан қаласында қалалық прокуратураның жаңа, заманауи ғимараты өз қызметін бастады. Екі қабатты нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков, ҚР Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Миразов, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жаңа ғимараттың прокуратура қызметкерлерінің жұмысына серпін беретінін атап, оларды құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ол:
– Қасиетті Түркістан қаласында құқық пен әділеттің жаңа ордасы бой көтеріп отыр. Бұл – тарихи сабақтастықтың белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң үстемдігі – елдің тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі» екенін үнемі айтады. Президентіміз «Заң мен Тәртіп» қағидатын ұсынып, прокуратура органдарына маңызды міндет жүктеді. Құқық қорғау саласы сапалы әрі мүлтіксіз қызмет көрсету үшін қолайлы жағдайға ие болуы тиіс. Бүгінгі ашылған ғимарат сіздердің жұмыстарыңызға жаңа серпін береді, – деді.
Жаңа прокуратура ғимараты тек кеңсе емес, бұл – заң үстемдігін нығайтуға, қоғамдағы әділдікті қамтамасыз етуге, тұрғындардың өтініштеріне жедел әрі сапалы жауап беруге арналған заманауи орталық. Ғимарат құрылысы биыл ақпан айында басталып, жыл соңында толық аяқталды. Тапсырыс беруші – «Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі» ММ, құрылыс жұмыстарын «Нұр-Строй 2012» ЖШС жүргізді. Ғимарат заманауи техникалармен жабдықталған, қызметкерлерге арналған барлық жағдай жасалған: жұмыс бөлмелері, үлкен жиналыс залы, ас бөлмесі, жаттығу бөлмесі, жабық спорт залы және автотұрағы бар.
Лента қию рәсімі өткізіліп, облыс әкімі мен жергілікті зиялы қауым өкілдері ғимаратты аралап көрді. Содан соң, қонақтар ғимарат ауласына ағаш көшеттерін отырғызып, қаланың көркеюіне атсалысты.
Айта кетейік, биыл Президент бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді. Қасиетті шаһар жедел қарқынмен дамып келеді: халық саны өсіп, әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған турист келуде. Түркістан – қазақ руханиятының жүрегі. Бабаларымыз осы жерде елдік мәселелерді шешкен. XVII ғасырдың соңында «Жеті жарғы» заңдар жинағы әзірленіп, қоғамға қызмет еткен. Бүгінде осы тарихи сабақтастықты жалғай отырып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жалғасуда. Жаңа прокуратура ғимараты осы жүйелі жұмыстың айқын нәтижесі болып отыр.





