Amanat:Мақтааралда азаматтардың өтініштері тыңдалып, нақты шешімдер қарастырылуда

«AMANAT» партиясының Мақтаарал аудандық филиалында бекітілген кестеге сәйкес кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Бұл жолы қабылдауды Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қанаев Жарқынбек Ережепұлы жүргізіп, аудан тұрғындарының өзекті мәселелерін тікелей тыңдады.
Қабылдауға Мырзакент кенті мен Мақтарал ауылдық округінің тұрғындары келіп, бірнеше маңызды сұрақтарды ортаға салды. Оның ішінде Мақтаарал аграрлық колледжіне қатысты мәселе және тұрғын үй кезегіндегі қиындықтар көтерілді. Азаматтар аталған бағыттарда шешімін талап ететін түйткілдердің бар екенін айтып, халық қалаулысына өз өтініштерін жеткізді.
Жарқынбек Ережепұлы тұрғындар көтерген әр мәселенің маңыздылығын атап өтіп, оларды жеке бақылауына алатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы уақытта тиісті мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, нақты жұмыстар жүргізіліп, тұрғындарға нәтижесі туралы дер кезінде ақпарат беріледі.
Партия өкілдері халықтың әрбір өтініші назардан тыс қалмайтынын, мұндай қабылдаулар тұрғындармен байланысты нығайтып, мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«AMANAT» партиясы Мақтаарал аудандық филиалы халықпен тұрақты диалог орнату және әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешу бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.





