Жетісай ауданы су үнемдеу технологиясын енгізуде облыста көш бастады

Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлерін ұлықтауға арналған «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» салтанатты шарасы өтті. Дәстүрлі жиынға облыс аудандары өз жетістіктерімен қатысып, ауыл шаруашылығындағы жаңашылдықтар мен тиімді технологияларды таныстырды.

 

Шара аясында үздік деп танылған өңірлер марапатталып, соның ішінде Жетісай ауданы «Су үнемдеу технологиясын енгізуде озат аудан» атанды. Бұл мәртебелі атақ ауданның 5,6 мың гектар алқапқа тамшылатып суару әдісін кең көлемде енгізуінің нәтижесінде берілді.

 

Тамшылатып суару – су тапшылығы жағдайында өнімділікті сақтап, шығынды азайтатын ең тиімді тәсілдердің бірі. Жетісай ауданының бұл технологияны жаппай дамытуы өңірдің агросаласындағы жауапкершілігі мен жаңашыл көзқарасын айқын көрсетіп отыр.

 

Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бастаған аудан басшылығы, ауылдық округ әкімдері және ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері диқандармен бірлесе отырып, су ресурстарын оңтайлы пайдалану бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Нәтижесінде ауданның егістік алқаптарында өнім сапасы мен көлемі артып, су ысырапшылығы айтарлықтай азайған.

 

Салтанатты шара барысында ауданның жетістігі жоғары бағаланып, Жетісайдың еңбекқор диқандарына, сала мамандарына құрмет көрсетілді.

 

Аудан басшылығы мен ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне, сондай-ақ үздік көрсеткішке үлес қосқан барлық дихандарға шынайы алғыс пен құттықтау жолданды.