ТҮРКІСТАНДА 570 ОРЫНДЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Түркістан қаласында 570 орындық жаңа көпбейінді аурухана құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоба түркиялық YDA Group компаниясының жеке бастамасы негізінде жүзеге асырылуда және өңірдің медициналық инфрақұрылымын дамытудағы стратегиялық нысан ретінде қарастырылып отыр.
Ресми іс-сапар аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді. Вице-премьер мердігер компания өкілдерімен кездесіп, жобаның негізгі мәселелері мен жоспарларын талқылады.
Қанат Бозымбаев құрылыс сапасын күшейтілген бақылауда ұстауды және инженерлік инфрақұрылымды толық аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, нысанның стратегиялық маңыздылығы жоғары болғандықтан, барлық жұмыстар белгіленген талаптарға сай орындалуы қажет.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров аурухананы заманауи медициналық техникамен жабдықтау және кадрлық қамтамасыз ету мәселелерін алдын ала шешу қажеттігін атап өтті. Жоспар бойынша, бұл мекеме жоғары технологиялы қызмет көрсететін аймақтық медициналық орталыққа айналуы тиіс. Осы мақсатта мамандар даярлау, қызмет сапасын арттыру және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін көтеруге бағытталған нақты жоспар әзірленеді.
Жоба құрылысы 15,6 гектар аумақта орналасқан. Жалпы аумағы 83 277 шаршы метрді құрайтын 7 қабатты аурухана ғимаратының құрылыс жұмыстарының 87 пайызы бүгінгі күні аяқталған. Нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды, жаңа аурухананың ашылуы өңірдегі медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын айтарлықтай жақсартпақ.





