Түркістанда өткен кеңесте қордаланған мәселелер талқыланды

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді шешу және өндірістегі заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жылдар бойы қордаланған сұрақтарды қарастыру үшін кеңес өткізді. Бұл іс-шараға облыстың шаруалары, кәсіпкерлері және құзырлы мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысып, аймақтағы экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал ететін маңызды тақырыптар бойынша пікір алмасты.
Кеңеске Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысының орынбасары Диас Сүлейменов, Мемлекеттік кірістер департаментінің орынбасары Ерлан Тұрысов, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс департаментінің орынбасары Бексұлтан Ахметов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараев және Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департамент басшысы Ақтілеу Бекмұратов қатысты.
Кездесуде шаруалар биылғы мақта бағаларына қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Әр зауытта баға әртүрлі белгіленетінін, бұл өз кезегінде шаруаларға қиындық туғызатынын атап өтті. Шаруалар келесі жылы зауыттар келісімшартына нақты бағаларды енгізсе, өз өнімдерін тиімді шартпен өткізуге мүмкіндік алатынын айтты. Бұл мәселе жылдар бойы көтеріліп келген және бүгінде де өзекті. Шаруалар әділ бәсекелестік орнауы және зауыттар арасындағы алдын ала келісімдер болмауы тиіс екенін, осылайша олардың өнімін лайықты бағамен өткізуге мүмкіндік туатынын жеткізді.
Облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов дихандардың талап-тілегін тыңдап, заң талаптарының сақталуына мониторинг жүргізілетінін, нәтижесіне қарай тиісті шаралар қабылданатынын айтты. Сонымен қатар, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілі 2024 жылы жүргізілген тексерулер нәтижесінде анықталған кемшіліктерге тоқталып, алдағы кезеңде бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Нұрбол Тұрашбеков кеңес барысында кәсіпкерлердің құқығы мен шаруалардың құқықтары тең дәрежеде қорғалатынын ескертіп, барлық тарап үшін оңтайлы шешім табу қажеттігін атап өтті. «Мәселе ашық айтылса, асқынбайды. Барлығы заң аясында, тәртіппен шешілуі тиіс. Бүгінгі кездесуге заң өкілдерін арнайы шақырдық. Келесі жылы келеңсіздіктерге жол бермеу үшін бүгінгі талқылау маңызды», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Биылғы жылы Түркістан облысында мақта өңдейтін 26 кәсіпорын 178 бекет арқылы 428 мың тонна өнім қабылдады. Өнімнің сапасына байланысты мақта бағасы 250-270 теңге аралығында белгіленді. Бұл көрсеткіш өңірдегі мақта өндірісінің тұрақтылығын және нарықтағы бағаның біркелкілігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың нәтижесі болып отыр.
Кеңес барысында сөз қозғалған мәселелер – бағаның тұрақтылығы, әділ бәсекелестік, заңдылықты қамтамасыз ету және шаруалардың құқықтарын қорғау – бүгінде Түркістан облысының агроөнеркәсіп саласында маңызды орын алады. Сонымен қатар, кездесуде алдағы жылы келісімшарттардағы бағаны алдын ала көрсету, кәсіпорындар мен шаруалар арасындағы ашық диалогты күшейту, өнім сапасын бақылау, бәсекелестік жағдайын әділ сақтау сияқты ұсыныстар қарастырылды.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысында өткен кеңес – шаруашылық мәселелерді жүйелі шешу, ауыл шаруашылығы саласында тұрақтылықты қамтамасыз ету және заңдылықты бақылау бойынша маңызды қадам. Мұндай шаралар өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, шаруалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және өндірістегі ашықтық пен әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, шаруалар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және өңірдегі агроөнеркәсіп өнімдерінің сапалы өндірісін қамтамасыз ету бағытында жалғасатын болады.





