“Қазығұрт көшбасшылары”: Тәуелсіздік күніне арналған интеллектуалдық додада үздіктер анықталды

Қазығұрт ауданында Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған ерекше зияткерлік дода жергілікті жастардың білім деңгейі мен көшбасшылық қабілетін айшықтай түсті. Аудан әкімдігі мен аудандық “AMANAT” партиясының қолдауымен өткен бұл шараны “Жастар ресурстық орталығы” мен “Жастар Рухы” жастар қанаты үйлестіріп, дәстүрлі мерекені мазмұнды форматта атап өтуді мақсат етті.

Интеллектуалдық ойынға ауданның әрбір ауылдық округінен іріктеліп келген 12 команда қатысты. Бәсеке бірнеше кезеңнен тұрып, қатысушылар тарихтан бастап әдебиетке, кино мен өнер саласына дейінгі түрлі мазмұндағы сұрақтарға жауап берді. Сайыс барысында командалардың логикалық ойлау, жылдам шешім қабылдау және топтық жұмыс дағдылары бағаланды.

Жарыс қыза түскен сайын үздік үштіктің де атауы айқындала бастады. Қорытынды нәтижеде Алтынтөбе ауылдық округінің “QUIZ hunter” командасы өзгелерден оза шығып, бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Қазығұрт ауылдық округінің “Жас көшбасшылар академиясы”, үшінші орынға Жігерген ауылдық округі атынан қатысқан “Диқан” жалпы білім беретін мектеп командасы лайық деп танылды. Жеңімпаз командаларға қаржылай сертификаттар, арнайы кубоктар және алғыс хаттар табысталды.

Басты жүлделерден бөлек, ойынға ерекше серпін берген “Ой ЛАВ” және “Жалынды жастар” командалары ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, интеллектуалды жарыстың негізгі мақсаты – аудан жастарының ой-өрісін кеңейту, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру және зияткерлік мәдениетті дамыту.

Қатысушы топтар бәсекенің әділ әрі жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, алдағы уақытта осындай форматтағы кездесулердің жиі ұйымдастырылуын тілектестікпен жеткізді. Интеллектуалды сайыс Қазығұрт ауданы жастарының білімге деген ұмтылысы қалыптасқан жаңа дәстүрдің бастауы болатынын көрсетті.