KATKO және Orano Mining басшылығының жұмыс сапары: Таукенттегі білім инфрақұрылымы толық жаңғыртылуда

Таукент кентінде KATKO БК ЖШС мен Orano Mining компаниясының басшылық құрамы қатысқан маңызды жұмыс сапары өтті. Orano Mining аға вице-президенті Ксавье Сен-Мартен Тийе, KATKO Бас директоры Закария Эль Марзуки, аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов және компанияның коммуникациялар және КӘЖ басқармасының басшысы Айнаш Шеңгелбаева І.Кеңесбаев атындағы жалпы білім беретін мектепке барып, жаңартылған оқу кабинеттерімен танысты. Бұл сапар өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі әлеуметтік жобалардың маңызын көрсетіп отыр.
KATKO мен Orano Mining бірнеше жылдан бері әлеуметтік жауапкершілік аясында Созақ ауданының әлеуметтік нысандарын қолдауды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Әсіресе білім беру саласына бағытталған жобалар компания қызметінің маңызды бөлігін құрап отыр. Осы жолғы сапар барысында толық жаңғыртудан өткен 10 оқу кабинеті таныстырылды. Жоба Orano Mining компаниясының корпоративтік стратегиясы шеңберінде жүзеге асырылған және оның жалпы құны 104 млн теңгеден асып отыр. Сол қаражаттың 39,5 млн теңгесі нақты Таукент кентіндегі модернизация жұмыстарына бағытталған.
Делегация ең әуелі Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі және физика кабинеттерін аралап көрді. Жаңартылған кабинеттер қазіргі заман талаптарына сай цифрлық жүйелермен толық жарақтандырылған. Барлық кабинеттерге жаңа парталар, орындықтар, жоғары өнімді компьютерлер, мультимедиялық кешендер, сондай-ақ мұғалімдерге арналған интерактивті құралдар орнатылған. 4K панельдер сабақ сапасын жақсартуға, білім алушылардың материалды қабылдауын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Физика кабинеті жаңғырту аясында ерекше көңіл бөлінген нысандардың бірі саналады. Онда 100-ден астам заманауи зертханалық құралдар, тәжірибе жүргізуге арналған датчиктер, модельдеу бағдарламалық жасақтамасы және арнайы қауіпсіздік жабдықтары орнатылған. Мұндай техникалық база оқушылардың практикалық білімін арттырып, зертханалық жұмыстарды халықаралық стандарт деңгейінде орындауға мүмкіндік береді.
Тарих кабинеті жаңа оқыту карталарымен, әдістемелік материалдар топтамасымен және электрондық жүйелермен толықтырылды. Ал қазақ және орыс тілі кабинеттері интерактивті оқу платформаларымен, тестілеу жүйелерімен және мультимедиялық контентпен жабдықталған. Бұл цифрлық құралдар мұғалімдерге оқыту әдістерін жаңашаландырып, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Білім беру саласынан бөлек, KATKO компаниясы Созақ ауданында әлеуметтік жобаларды да белсенді жүзеге асырып келеді. Соңғы жылдары аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсету, қыс мезгілінде көмір жеткізу, студенттерге арналған стипендиялық бағдарлама, ардагерлерге баспасөз жазылымын ұйымдастыру, жаңа жылдық қайырымдылық акциялары, елді мекендерді көгалдандыру және көше жарығын орнату сияқты ауқымды шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл компанияның өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық пен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді міндеттемелерін көрсетеді.
2025 жылға арналған әлеуметтік бағдарламаларға бөлінген бюджет көлемі 300 млн теңгеге жуықтайды. Бұл қаржы жыл бойы бірнеше бағыт бойынша жұмсалады: әлеуметтік қолдау, ауыл инфрақұрылымын жетілдіру, мәдени іс-шараларға қолдау және білім беру жобаларын одан әрі дамыту. Жалпы алғанда, компания өңірде 6,3 млрд теңгеден асатын қаражатқа 450-ге жуық жобаны жүзеге асырған. Мұндай көлемдегі инвестиция аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беріп отыр.
Таукент кентінде жүзеге асып жатқан жобалар – компанияның корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікке деген көзқарасының нақты көрінісі. Білім беру нысандарын жаңарту балалардың сапалы білім алуына ғана емес, мамандарды даярлауға, мектеп мұғалімдерінің кәсіби деңгейін арттыруға да оң әсер етеді. Сонымен қатар атқарылған жұмыстар өңірдің жалпы даму стратегиясымен үйлеседі және Созақ ауданында білім сапасын жақсарту бойынша жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді.
KATKO және Orano Mining өкілдерінің сапары мектеп ұжымымен кездесумен жалғасып, педагогтар тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлер тыңдалды. Компания басшылығы алдағы уақытта да өңірдегі білім беру саласын қолдауды жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл – ұзақ мерзімді әріптестіктің нақты нәтижелерінің бірі.





