ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ: ОРЫНДАЛҒАН МІНДЕТТЕР КЕЗЕҢІ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының жұмысы партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің қатысуымен өткен облыстық жұмыс жиынында кеңінен талқыланды. Жиын барысында облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев есеп беру сөзінде партияның Сайлауалды бағдарламасын өңірде жүйелі түрде жүзеге асыру, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, құқықтық қорғанысты күшейту, табысты арттыру және қоғамдық сенімді нығайту мақсатындағы іс-шаралар толық орындалғанын атап өтті.
Облыстық филиалдың жетекшілігі атап өткендей, Сайлауалды бағдарламаны іске асыру бойынша Түркістан облысында бекітілген Жол картасында 136 индикатор мен 568 іс-шара қарастырылған. Соңғы үш жыл ішінде кешенді жоспардың орындалуы 55 пайызға жетіп, партия бақылауында тұрған 313 іс-шара толықтай іске асырылды. 2025 жылға жоспарланған 121 іс-шараның 77-сі немесе 63,6 пайызы толық орындалды. Қалған шаралардың іске асырылуы тұрақты бақылауға алынды. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсарту бағытындағы партиялық бақылау нысандары облыс аумағында 28 жерде жұмыс істейді. Олардың 7-сі Жол карта аясында, 21-еуі бюджеттік қаржы есебінен салынған нысандар болып табылады.
Жол картасында тәуекелі бар нысандарға қатысты мәселелер облыс басшылығының тікелей қатысуымен қарастырылып, олардың орындалуы қатаң бақылауда тұр. Мысалы, «Созақ-Тасты-Қылти» автожолы мен Мақтаарал ауданындағы 4 мектептің құрылысы бойынша қиындықтар шешіліп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Бәйдібек ауданы, Шаян ауылындағы 300 орындық мектептің құрылысы аяқталып, осы айда пайдалануға беріледі. Түркістан қаласындағы «Ана мен бала» орталығының құрылысы Біріккен Араб Әмірліктерінің инвестициясы есебінен қарқын алды.
Ауыл шаруашылығы саласында да нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Партия бекіткен жоспарда агроөнеркәсіптік кешенге ылғал үнемдеу технологиясын енгізу 50 мың гектарға жетуі тиіс болса, есеп беру кезеңінде бұл көрсеткіш 59 мың гектарды құрап, жоспардан 118 пайызға асып орындалды. Арыс қаласы мен Отырар ауданы аумағында 32 мың гектар жерге мақта егіліп, жаңа ылғал үнемдеу технологиясы қолданылды. Нәтижесінде, гектарына 45 центнерден өнім жиналып, облыстың орташа өнімділігінен екі есе жоғары көрсеткішке қол жеткізілді. Алдағы уақытта егіс алқабы 60 мың гектарға дейін ұлғайтылатын болады.
Алынған мақта өнімін өңдеуде Түркістандағы «Tұран» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеу және экспортқа шығару бойынша кешенді жобалар басталды. Жоба құны 146,8 млрд теңге, толық циклді мақта өңдеу зауыттарын, тоқыма, иіру, мата өңдеу, бояу және дайын өнім шығару кәсіпорындарын қамтиды. Бұл бағыттағы жобалар өңірдің экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына және экспорт әлеуетін арттыруға үлес қосады.
Депутаттық корпуспен өзара іс-қимыл да айтарлықтай күшейгені айтылды. Облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттардағы фракция депутаттары өңірдегі өзекті мәселелерді тұрақты көтеріп, олардың шешіміне тікелей ықпал етуде. Жыл басынан бері депутаттық фракциялардың 60 отырысы өткізіліп, 140 мәселе қаралды. Депутаттар Сайлауалды бағдарламаның орындалуы мен қысқы жылу маусымына дайындық сияқты өзекті тақырыптарды талқылап, облыс әкімінің орынбасарлары, салалық басқармалар мен аудан, қала әкімдерінің, коммуналдық сала басшыларының есептерін тыңдады.
Депутаттық корпус алдында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, денсаулық сақтау, білім, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшылары, Арыс, Түркістан, Кентау қалалары мен Мақтаарал, Қазығұрт, Келес, Ордабасы, Созақ аудандарының әкімдері, «QazaqGaz Aimaq», «Интер Газ Орталық Азия», «КазАвтоЖол» акционерлік қоғамдарының, Кентау қаласындағы №5 жылу энерго орталығының басшылықтары, Түркістан, Түлкібас, Сайрам, Төлеби, Келес аудандарының фракция жетекшілері есеп беріп, өзекті мәселелерді бірлесе қарастырып, ортақ шешімдер қабылдады.
Партияның Түркістан облыстық филиалы Сайлауалды міндеттердің орындалуын – партияның абыройы және қоғам алдындағы жауапкершілігінің өлшемі деп біледі. Кешенді жоспар аясында инфрақұрылым тарту, ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету, жол жөндеу, білім, медицина, мәдениет және спорт нысандарын салу, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жастарды қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта бизнес субъектілерін тарту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу бағытында жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Партияның бақылауында тұрған барлық нысандар мен бағдарламалар бойынша есеп беру жүйесі енгізіліп, әр жоба кезең-кезеңімен тексеріліп, нәтижелері қоғамдық назарына ұсынылады.
Атап айтқанда, жол құрылысы, мектептер мен денсаулық сақтау нысандарының салынуы, инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы, энергетикалық және коммуналдық жүйелердің жаңартылуы бойынша толық ақпарат беріліп, орындалған жұмыстардың сапасы мен тиімділігі бағаланды. Облыс аумағындағы барлық аудан және қала әкімдері мен салалық басқармалар жоспарланған шараларды уақытында орындауға міндеттелді.
Жалпы алғанда, есеп беру кезеңінде партияның Сайлауалды бағдарламасы Түркістан облысында нақты нәтижелерге жетіп, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтап, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған іс-шаралар толық жүзеге асырылды. Партиялық бақылау нысандары, депутаттық корпус жұмысы, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, білім, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы нақты жобалар партияның халық алдындағы жауапкершілігінің көрінісі болып отыр.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі барлық көрсетілген шаралардың жүзеге асырылуын, жоспарлардың орындалуын және алдағы мақсаттарды жүйелі түрде бақылап отыруға дайын екенін ресми түрде хабарлайды.





