АРЫС ҚАЛАСЫНДА «ТАТУ ОТБАСЫ – ТОЛАҒАЙ» СПОРТТЫҚ САЙЫСЫ ӨТТІ

Арыс қаласында отбасы құндылықтарын дәріптеп, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Тату отбасы – Толағай» атты спорттық сайыс өтті. Іс-шара Арыс қаласы Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен, Арыс аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, Руханият орталығының демеушілігі арқылы жүзеге асырылды. Сайыс «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді 16 күн әрекет» республикалық акциясын қорытындылау аясында өткізілді.

Шараның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, ерлі-зайыптылар мен ата-ана және бала арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты арттыру, сондай-ақ қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды кеңінен насихаттау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы сайыстар отбасы институтын сақтауда және оны қоғамның берік тірегіне айналдыруда маңызды рөл атқарады.

Сайыстың ашылу салтанатына Арыс қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Мұхит Әсет Нұржанұлы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде мемлекет тарапынан отбасы институтын қолдауға, әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, отбасы ішіндегі өзара сыйластық пен түсіністік қоғамдағы тұрақтылықтың негізгі кепілі екенін жеткізді.

Сайыс барысында қатысушы отбасылар бірнеше спорттық кезеңдер бойынша бақ сынасты. Әрбір кезеңде командалардың бірлігі, ұйымшылдығы, өзара қолдауы мен шапшаңдығы сынға түсті. Жарыс шарттары барлық жастағы отбасы мүшелерінің белсенді қатысуына лайықталып әзірленіп, ата-аналар мен балалардың бірлесіп әрекет етуіне негізделді. Бұл өз кезегінде отбасылық ынтымақты арттырып, қатысушыларға жағымды әсер сыйлады.

Көрермендер үшін де сайыс тартысты әрі әсерлі өтті. Әр отбасының өзара үйлесімділігі мен ұйымшылдығы, бір мақсатқа жұмыла әрекет етуі көпшілікке үлгі болды. Шара барысында салауатты өмір салтын ұстану, бос уақытты тиімді өткізу және отбасылық құндылықтарды сақтау мәселелері кеңінен насихатталды.

Сайыс қорытындысы бойынша: – І орынды «Шаңырақ» командасы – Исламбек әулеті иеленді;
– ІІ орын «Шың» командасы – Қалдарбек әулетіне бұйырды;
– ІІІ орынды «Барыс» командасы – Сағынбаевтар әулеті қанағат тұтты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар барлық қатысушы отбасыларға белсенділіктері мен ынтымақтары үшін ризашылықтарын білдірді.

Айта кету керек, мұндай іс-шаралар Арыс қаласында алдағы уақытта да жалғасын тауып, отбасы институтын нығайтуға, қоғамда зорлық-зомбылықтың алдын алуға және тұрғындардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталатын болады.