ТҮРКІСТАН: ШАРДАРА АУДАНЫНДА ТҰРҒЫНДАРҒА САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ӘКІМШІЛІК ҒИМАРАТ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық аумақтарды дамыту, жергілікті атқарушы органдардың тиімділігін арттыру және тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмалары аясында Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі Шардара ауданында жүзеге асты.

Түркістан облысы, Шардара ауданына қарасты Ұзын-Ата ауылдық округінде жаңа әкімшілік ғимараттың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауыл халқы үшін маңызды нысанның іске қосылуы жергілікті тұрғындардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттырып, әкімдік жұмысының тиімділігін күшейтуге бағытталған.

Салтанатты шараға Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа әкімшілік ғимараттың ашылуымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының ауылды дамытуға бағытталған саясаты өңірлерде нақты нәтижесін беріп жатқанын атап өтті.

— Ауыл әкімдіктерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту, қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау және тұрғындарға сапалы қызмет көрсету — бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Ұзын-Ата ауылдық округінде пайдалануға берілген бұл әкімшілік ғимарат ауыл халқы үшін маңызды мәселелерді жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді. Жаңа нысан ел игілігіне адал қызмет етеді деп сенемін, — деді Арман Қарсыбаев.

Шара барысында ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, жаңа ғимараттың елге қызмет ететін, берекелі орын болуына тілектестіктерін білдірді. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, ауданның өркендеуіне ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Олар «Шардара ауданына 60 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Бұл — аудан тарихындағы еңбегі ерен азаматтардың қызметін бағалау әрі кейінгі буынға үлгі ету мақсатындағы маңызды қадам.

Жаңа әкімшілік ғимараттың техникалық сипаттамасына тоқталсақ, нысан екі қабатты, жалпы ауданы 232 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта 7 қызметтік бөлме қарастырылған және 18 қызметкерге арналған. Барлық бөлмелер заманауи талаптарға сай жабдықталып, қызмет көрсету процесін оңтайландыруға жағдай жасалған. Ғимараттың құрылысы жергілікті бюджет есебінен жүргізілген.

Айта кету керек, әкімшілік ғимараттың құрылысы 2022 жылы басталған. Алайда белгілі бір қаржыландыру мәселелеріне байланысты жоба 2025 жылға өтпелі болып, биыл толық аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда ғимарат толықтай жұмыс істеп тұр және ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызмет көрсетуді бастады.

Жаңа нысанның іске қосылуы Ұзын-Ата ауылдық округінің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартумен қатар, жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Енді ауыл тұрғындары көптеген мәселелерін бір жерден, қолайлы жағдайда шешуге мүмкіндік алады.

Жалпы, Түркістан облысында ауылдық округтерде әкімшілік ғимараттарды жаңарту және салу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар ауылдардың дамуына, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ұзын-Ата ауылдық округінде бой көтерген жаңа әкімшілік ғимарат — ауылды дамытуға арналған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі әрі тұрғындарға жасалған маңызды әлеуметтік қолдау екені сөзсіз.