ТҮРКІСТАНДА «ДАРА ҰРПАҚ» ИНКЛЮЗИВТІ ТЕАТРЫ АШЫЛЫП, «ЖАРЫҚ» МЮЗИКЛІНІҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

Түркістан қаласында инклюзивті бағыттағы тұңғыш «Дара ұрпақ» театры ашылды. Жаңа өнер ұжымының тұсаукесері ерекше қажеттіліктері бар балалардың қатысуымен қойылған «Жарық» мюзиклінің премьерасымен басталды.
Салтанатты шара «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өтті. Театрдың ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ұжымға шығармашылық табыс тіледі.
Өңір басшысы өз сөзінде инклюзивті өнердің маңызына тоқталып, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін тең мүмкіндік қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, өнер арқылы балалардың қабілетін дамыту, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау – маңызды міндет.
Іс-шара барысында облыс әкімінің айтуынша, биыл өңірдегі кәсіби үш театрда 310 қойылым сахналанып, 30-ға жуық премьера көрерменге ұсынылған. Қойылымдар еліміздің бірнеше аймағында көрсетіліп, оң бағасын алған. Жаңа ашылған «Дара ұрпақ» театры да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырады деп күтілуде.
Театрдың құрылтайшылары – әлеуметтік кәсіпкер Рухабза Қалдарбек пен «Дара ұрпақ» қоғамдық қорының басшысы, қалалық мәслихат депутаты Ербол Көкенов. Олар өз сөздерінде аталған қойылым жүректен туған өнердің, үзілмеген үміт пен ерекше жандардың табандылығының көрінісі екенін атап өтті.
«Жарық» мюзиклі LED-экранда көрсетілген таныстыру бейнеролигімен басталып, сахналық көріністермен жалғасты. Қойылым барысында қоларбадағы бишілердің топтық биі, ерекше балалардың музыкалық нөмірлері көрерменге ұсынылды. Сонымен қатар балалардың сурет байқауындағы үздік жұмыстары да бейнеролик арқылы көрсетілді.
Сахнада ДЦП, Даун синдромы, аутизм, РАС, ЗПР диагноздары бар, сондай-ақ көру және есту қабілеті шектеулі 70 бала өнер көрсетті. Қойылымға облыстық театр әртістері мен жас өнерпаздар да қолдау білдіріп, сахнаға бірге шықты.
Қойылым соңында барлық қатысушылар «Өмір сүр» әнін орындады. Шара соңында облыс әкімі өнерпаздармен естелік суретке түсіп, сыйлықтар табыстады.
Ресми дерекке сәйкес, Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі 15 мыңнан астам бала бар. Өңірде балаларға арналған 5 оңалту орталығы мен 6 «Қамқорлық» орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар Түркістан қаласында заманауи оңалту орталығы ашылып, ерекше балалар мен жастарға арналған «Сауран» спорт клубы қызмет көрсетуде.





