ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ЕКІ МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында екі бірдей денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Алтынтөбе және Ақбастау ауылдарында алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттер (ФАП) ашылды.

Жаңа медициналық нысандардың салтанатты ашылу рәсіміне Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов пен «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев қатысып, ауыл тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар нысандардың іске қосылуымен құттықтады.

Іс-шара барысында аудан әкімі Мемлекет басшысының шалғай және ауылдық елді мекендерде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту, халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету жөніндегі тапсырмаларына тоқталды. Оның айтуынша, аудан көлемінде алғашқы медициналық көмекті жақындату, тұрғындардың денсаулығын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттердің негізгі міндеті – ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті уақтылы әрі сапалы көрсету. Әрбір ФАП тәулігіне 10 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Сонымен қатар нысандардың іске қосылуы нәтижесінде 4 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды.

Медициналық пункттер заман талабына сай жобаланып, барлық қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Құрылыс жұмыстарын «Урба-Стандарт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Ғимараттар тұрғындарға ыңғайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуге бағытталған.

Ауыл тұрғындары жаңа медициналық нысандардың ашылуы жергілікті халық үшін маңызды екенін атап өтіп, елді мекендерде алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуына жағдай жасағаны үшін аудан басшылығына алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, өңірде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік нысандарды салу және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.