ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысының Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ елді мекенінде заманауи ашық және жабық спорт кешені ресми түрде пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары үшін маңызды нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпаз атанған ауыл тұрғындарын құттықтады.
Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын еске алды. Бұл бастама елімізде кең қолдау тауып, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге бағытталған. Аталған акция аясында тұрғындар үшін өмір сүру ортасын жақсарту мақсатында облыстық әкімдіктің бастамасымен «Үлгілі ауыл» байқауы ұйымдастырылды. Сол байқау нәтижесінде Шарбұлақ ауылы жеңімпаз атанып, ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес осы спорт кешенін салуға қаражат бөлінді.
– «Ашылып отырған спорт кешені жергілікті спортшылар үшін барлық жағдай жасалған заманауи нысан болып табылады. Бұл кешен Қазығұрт ауданының спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», – деді Нұралхан Көшеров.
Салтанатты шараға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев та қатысып, жаңа кешенде бұқаралық спорттың дамуы мен жас спортшылардың мүмкіндіктері кеңейтетінін атап өтті. Сонымен бірге, әлемдік чемпиондар Сәкен Бибосынов, Қайрат Ералиев, Шынболат Райханов спорт нысанын жоғары бағалап, оның маңыздылығын атап өтті.
Спорт кешенінің ресми ашылу рәсімінен кейін облыс әкімі мен ауыл ақсақалдары, қонақтар ғимарат ішін аралап, жаттығу залдарының жабдықталуымен танысты. Әкім жас спортшылармен кездесіп, оларға сәттілік тіледі және бұқаралық спортты дамыту өңір үшін басты бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Құрылысты «VERTEX BUILD» ЖШС жүзеге асырған. Жобаға 500 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Спорт кешенінің жалпы аумағы – 2,83 гектар, ал ғимарат ауданы 1720 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың ішкі бөлігінде күрес, бокс, заманауи тренажер залдары және жабық футбол манежі орналасқан. Сыртқы аумақта баскетбол, волейбол, футбол, жеңіл атлетика алаңдары, «street workout» (көше жаттығулары) құрылғылары және балалар ойын алаңдары бар.
Қазіргі таңда спорт кешенінде бокс, еркін күрес және футбол секциялары жұмыс істеп, 300-ге жуық жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысады. Нысанның ашылуымен қатар 10 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды, бұл ауыл тұрғындары үшін қосымша әлеуметтік және экономикалық мүмкіндік болып отыр.
Айта кету керек, биыл Түркістан облысында 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде 102 спорт нысаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, ал 10 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталады. Бұл көрсеткіш өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға айтарлықтай серпін беретінін дәлелдейді.
Заманауи спорт кешені жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға, ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыруға, сондай-ақ өңірдің спорттық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Жаңа нысан тек кәсіби спортшыларға емес, бүкіл ауыл тұрғындарына арналған. Мұнда әр жас санаты мен әр деңгейдегі спортшылар өз қабілеттерін шыңдай алады.
Сонымен қатар, спорт кешені ауыл тұрғындары арасында әлеуметтік байланысты күшейтеді. Спорттық іс-шаралар, жарыстар, жаттығулар арқылы ауылдық қауымдастық бір-бірімен тығыз байланыста болады, жас ұрпаққа пайдалы тәжірибе беріледі. Бұл жобаның әлеуметтік маңызы да жоғары бағаланды.
Жалпы алғанда, Шарбұлақтағы заманауи спорт кешенінің ашылуы өңір үшін маңызды оқиға болып отыр. Бұл кешен Түркістан облысының жасыл аймақтар мен спорт инфрақұрылымын дамыту стратегиясының бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар жас спортшыларға арналған жаңа мүмкіндік, ауыл тұрғындары үшін белсенді өмір салтын қалыптастыруға арналған маңызды бастама болып табылады.
Түркістан облысы әкімдігі бұл нысанның тиімді жұмыс істеуін бақылап, спорттық жобаларды әрі қарай дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыратынын хабарлады.





