Түркістанда менталды бұзылыстары бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығы ашылды

Түркістанда менталды бұзылыстары бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығы ашылды,-деп хабарлайды Пресса24.кз.
Түркістан облысында балалардың әлеуметтік қолдауын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды нысан – «Қамқорлық» арнаулы қызметтер көрсету орталығы өз жұмысын бастады. Ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды құттықтады.
– Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Түркі әлемінің астанасы тарихи Түркістан қаласы тағы бір әлеуметтік нысанмен толығып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейтіп, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауды тапсырған болатын. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде «Қамқорлық» жаңа арнаулы әлеуметтік орталығы ашылып отыр. Мұнда бір уақытта 18 жасқа дейінгі 125 балаға 8 бағыт бойынша жартылай стационарлық жағдайда сапалы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі, – деді Нұралхан Көшеров.
Орталықта 90-ға жуық жұмыс орны құрылып, іргелес жатқан төрт аудан мен қаланың тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылады. Жаңа орталық заманауи құралдармен жабдықталып, балалар үшін барлық жағдай жасалған. Орталықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, демеушілік жасаған «Samruk-Kazyna Trust», «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларына алғыс айтылды.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов орталықтың маңыздылығына тоқталып, бұл жобаның бірыңғай стандарттар негізінде жүзеге асырылғанын және тұрақты әлеуметтік нәтижеге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, Түркістан облысының Сарыағаш қаласы мен Тұрар Рысқұлов ауылында «Ainala» оңалту орталықтары өз жұмысын бастайтыны, жыл соңына дейін осындай орталықтардың саны 55-ке жететіні айтылды.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары София Айсағалиева мен «Қамқорлық» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінқызы да құттықтау сөз сөйлеп, мұндай игі бастамалар жалғасатынын жеткізді.
Орталық Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тиесілі, жартылай стационарлық үлгіде жұмыс істейді. Бір мезетте 3 жастан 18 жасқа дейінгі 125 баланы қабылдай алады. Мұнда балаларға тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қызметтер көрсетіледі.
Заманауи талапқа сай орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, «Қамқорлық» корпоративтік қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры бірлесіп, 350 млн теңге, ал қызметкерлерді оқытуға 40 млн теңге бөлді.
Орталықта балалардың қосымша білім алуына және психологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған проекциялық, интерактивті, сенсорлық және сенсорлық-интеграция бөлмелері, робототехника және LEGO сыныптары, музыка және арт-терапия кабинеттері, сондай-ақ тігін және қыш шеберханалары толық жабдықталды. Бұл нысан аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балалардың мінез-құлқын түзетуге, олардың қоғамға бейімделуіне және толыққанды әлеуметтенуіне оң ықпал етеді.
Мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі – мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау. Қазіргі таңда Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 102 мың болса, оның ішінде 15 457-сі – балалар. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы мәліметке сәйкес облыста аутистік спектрінің бұзылуы диагнозы қойылған 398 бала тіркелген.
Соңғы бес жылда «Samruk-Kazyna Trust» қоры Түркістан облысында 20-дан астам қайырымдылық жобаны іске асырды. Олардың қатарында «Ainala» оңалту орталықтары, 3–18 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталықтары, аутизмі бар балаларға арналған орталықтар, Б. Саттарханов атындағы спорт кешені, ауылдық елді мекендердегі спорт алаңдары бар.
Жаңа орталық балаларға әлеуметтік қолдауды арттырып қана қоймай, ата-аналар мен педагогтардың да сенімді серігі болады. Мұнда балалардың даму мүмкіндіктерін кеңейту, шығармашылық және интеллектуалды қабілеттерін жетілдіру үшін барлық жағдай жасалған.





