Түркістан облысында азаматтарды жеке қабылдау: тұрғындардың мәселелері назарға алынды

Түркістан облысында азаматтарды жеке қабылдау: тұрғындардың мәселелері назарға алынды,-деп хабарлайды Пресса24.кз.
Түркістан облысында халықпен кері байланысты нығайту, тұрғындардың күнделікті өмірінде туындайтын өзекті мәселелерді жедел шешу мақсатында азаматтарды жеке қабылдау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы бағыттағы кезекті қабылдау «Ашық әкімдік» форматында өтіп, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков тұрғындардың талап-тілектерін жеке тәртіпте тыңдады.
Қабылдау барысында облыстың әр өңірінен келген азаматтар түрлі мәселелерді көтерді. Кейбір тұрғындар «Ашық әкімдік» кеңсесіне тікелей келсе, кейбірі бейнебайланыс арқылы өтінішін жолдады. Бұл формат шалғай аудандарда тұратын азаматтарға да өз мәселесін облыс басшылығына жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.
Сарыағаш ауданынан өтініш білдірген тұрғын бейнеқабылдау арқылы жер дауына қатысты мәселені көтерді. Оның айтуынша, көршілес аумақта заңсыз салынған тұрғын үйге байланысты сотқа жүгініп, құрылысты бұзу және жер телімінің шекарасынан кері шегіну туралы талап қойған. Алайда сот шешімімен келіспеген азамат апелляциялық шағым түсіргенін жеткізді. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары аталған мәселе бойынша жауапты сала өкілдеріне барлық деректерді жан-жақты зерделеп, заң аясында шешім қабылдау қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар, тұрғынға мәселенің бақылауда болатыны айтылды.
Қабылдауға Ордабасы ауданынан келген азаматтар да өз түйткілдерін жеткізді. Олар Шұбарсу ауылында бау-бақша өсіру, жылыжай салу және қосалқы шаруашылық жүргізу үшін бөлінген жер телімдерін құжаттандыру кезінде бірқатар қиындықтарға тап болғанын айтты. Ауыл тұрғындарының сөзінше, қажетті құжаттарды рәсімдеу барысында бюрократиялық кедергілер кездесіп, процесс созылып кеткен. Бұл мәселе бойынша да тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, заң талаптарына сай шешу жолдары қарастырылатын болды.
Сонымен қатар, қабылдау барысында Арыс қаласынан келген кәсіпкер инвестициялық субсидиялау бағдарламасына қатысты өтінішін білдірді. Ол мемлекеттік қолдау тетіктері аясында тапсырған құжаттары мен өтінімінің қаралу барысына байланысты түсініктеме сұрап, өз ұсыныстарын айтты. Нұрбол Тұрашбеков кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласына жауапты құрылымдарға мәселені қарап, белгіленген тәртіппен нақты жауап беруді жүктеді.
Жеке қабылдау кезінде көтерілген барлық мәселелер хаттамаға енгізіліп, әрқайсысы бойынша жауапты мекемелер мен орындау мерзімдері белгіленді. Облыс әкімінің орынбасары тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалмайтынын, әр мәселе қолданыстағы заңнама аясында қаралатынын атап өтті. Сондай-ақ, қабылдаулардың басты мақсаты – тұрғындардың мәселесін созбалаңға салмай, мүмкіндігінше жергілікті жерде шешу екені айтылды.
Айта кету керек, Түркістан облысында облыс әкімі мен оның орынбасарлары азаматтарды жеке қабылдауды тұрақты түрде өткізіп келеді. Бұл тәжірибе халықтың билікке деген сенімін арттырып, жергілікті деңгейде түйткілді мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік береді. Жеке қабылдауға жазылу жұмыстары Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі арқылы жүзеге асырылады.
Азаматтар жеке қабылдауға бірнеше жолмен жазыла алады. Атап айтқанда, egov.kz электронды үкімет порталы, e-Өтініш бірыңғай ақпараттық базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл тәсілдер тұрғындарға ыңғайлы болып, өтініш беру процесін жеңілдетуге бағытталған.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында «Ашық әкімдік» форматы билік пен халық арасындағы ашық диалогты қалыптастырудың тиімді алаңына айналып отыр. Тұрғындар өз мәселесін тікелей жауапты тұлғаларға жеткізіп, нақты жауап алу мүмкіндігіне ие. Ал облыс басшылығы үшін бұл формат өңірдегі әлеуметтік, жер, кәсіпкерлік және өзге де салалардағы өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, шешім қабылдауға мүмкіндік береді.





