ЖЕТІСАЙ: СҰЙЫТЫЛҒАН АВТОГАЗ ҚҰЮ БЕКЕТТЕРІНДЕ ҚАУІПСІЗДІК БАҚЫЛАУЫ КҮШЕЙДІ

Жетісай ауданында тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сұйытылған автогаз құю бекеттерінің жұмысын қатаң бақылауға алу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Осы бағытта аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен арнайы жиын өтіп, газ саласындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы және тұрмыста газ баллондарын пайдалану мәдениетін қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты талқыланды.
Кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ ауданда қызмет көрсететін сұйытылған автогаз құю бекеттерінің басшылары мен жауапты сала мамандары қатысты. Басқосуда ең алдымен қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан туындайтын қауіп-қатерлер мен оның алдын алу жолдарына басымдық берілді.
Жиын барысында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Баймахан Бахарам баяндама жасап, сұйытылған газды сақтау, тасымалдау және пайдалану кезінде орындалуы тиіс негізгі қауіпсіздік талаптарына тоқталды. Ол газ баллондарын дұрыс пайдаланбау салдарынан туындайтын өрт, жарылыс сынды төтенше жағдайлардың адам өміріне төндіретін қаупін атап өтіп, мұндай оқиғалардың алдын алу үшін бекеттер мен тұтынушылар тарапынан жауапкершілікті арттыру қажет екенін жеткізді.
Соңғы кезеңде тұрмыстық газ баллондарын талапқа сай емес жағдайда қолдану салдарынан тіркелген келеңсіз жағдайларға назар аударған аудан әкімі бұл мәселені немқұрайлы қарауға болмайтынын қадап айтты. Оның сөзінше, халықтың қауіпсіздігі – кез келген экономикалық немесе өндірістік мүддеден жоғары тұруы тиіс. Осыған байланысты автогаз құю бекеттерінде қауіпсіздік техникасының талаптарын толық орындау, қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыру, олардың міндетті нұсқаулықтан уақтылы өтуін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі.
Сонымен қатар, жиында өртке қарсы құралдардың жарамдылығы, техникалық жабдықтардың тұрақты тексерістен өтуі, газ құю кезінде белгіленген тәртіптің қатаң сақталуы жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Аудан басшысы сала өкілдеріне тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді де міндеттеді. Атап айтқанда, газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау, баллондардың жарамдылық мерзімін қадағалау, оларды тұрғын үй ішінде немесе белгіленбеген орындарда сақтамау, сондай-ақ талапқа сай емес немесе күмәнді бекеттерден газ құйдырмау жөнінде ақпараттық-алдын алу шараларын тұрақты жүргізу қажеттігі айтылды.
Жиын барысында мамандар қолданыстағы заңнама талаптарына да тоқталып өтті. Қауіпсіздік нормаларын бұзған жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 306-бабына сәйкес жауапкершілік көзделгені, оның ішінде айыппұл салу және өзге де әкімшілік шаралар қолданылатыны ескертілді. Бұл талаптардың негізгі мақсаты – жазалау емес, төтенше жағдайлардың алдын алу арқылы адам өмірін қорғау екені атап өтілді.
Кеңес қорытындысында аудан әкімі автогаз құю бекеттерінің басшыларына, операторларға және жауапты сала мамандарына қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз сақтауды, тұрғындармен кері байланысты нығайтуды және алдын алу шараларын үздіксіз жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тиісті мекемелер тарапынан тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Жалпы, Жетісай ауданында сұйытылған автогаз саласындағы қауіпсіздікті күшейту – тұрғындардың тыныштығы мен өмірін қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.





