ЖЕТІСАЙ АУДАН ӘКІМІ ИНВЕСТОРЛАРМЕН ӨНДІРІСТІК БАСТАМАЛАРДЫ ПЫСЫҚТАДЫ

Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің өңірлерде жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын көбейту жөніндегі тапсырмалары аясында Жетісай ауданында нақты жұмыстар жалғасуда. Осы бағытта Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аудан экономикасын дамытуға мүдделі бірқатар отандық инвесторлармен кездесіп, өндірістік жобаларды жан-жақты талқылады.

Кездесу барысында кәсіпкерлер кірпіш өндірісін жолға қою, көлік логистикасы мен жүк тасымалын дамыту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларына арналған пластикалық жабдықтар шығару жобаларын ұсынды. Инвесторлар өз жобаларының экономикалық тиімділігі, өндірістік қуаты, іске асыру кезеңдері мен болашақта ашылатын жұмыс орындары туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Аудан әкімі өз сөзінде Жетісай өңірінің инвестициялық әлеуетіне кеңінен тоқталып, ауданның аграрлық аймақ ретіндегі мүмкіндіктерін атап өтті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуге қолайлы табиғи-климаттық жағдай, білікті еңбек ресурстарының жеткіліктілігі және тиімді көлік-логистикалық орналасу – инвесторлар үшін басты артықшылықтардың бірі екені айтылды. Сонымен қатар, аудан аумағында құрылған индустриялық аймақ пен өндірістік парктің барлық қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтылғаны, бұл жобаларды қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Кездесу аясында мемлекеттік қолдау тетіктері де кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, инвестициялық жобаларға көрсетілетін салықтық жеңілдіктер, қаржылық қолдау шаралары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан жобаларды сүйемелдеу, құжаттандыру рәсімдерін жеделдету, жер телімін бөлу және инженерлік желілерге қосу мәселелері талқыланды. Аудан әкімдігі тарапынан инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша жан-жақты қолдау көрсетілетіні атап өтілді.

Инвесторлар Жетісай ауданының өндірістік және инфрақұрылымдық мүмкіндіктеріне оң бағасын беріп, ұсынылған жағдайлардың бизнес жобаларды табысты жүзеге асыруға қолайлы екенін жеткізді. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау мен жергілікті биліктің ашық әрі іскерлік ұстанымы инвестициялық шешім қабылдауда маңызды фактор екенін айтты.

Кездесу қорытындысында тараптар алдағы уақытта нақты инвестициялық жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, қосымша жұмыс орындарын құру және аудан экономикасын әртараптандыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Бұл бастамалар Жетісай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.