ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖАНДАНДЫ

Түркістан облысында шетелдік инвесторлармен өзара әріптестікті нығайтуға басымдық беріліп отыр. Осы бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен ресми кездесу өткізіп, өңірде инвестициялық жобаларды іске асырудың нақты тетіктерін талқылады.

Кездесу барысында аймақ басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуетіне кеңінен тоқталып, өңірдің тиімді географиялық орналасуы, дамып келе жатқан инфрақұрылымы, өндіріс пен логистика салаларына қолайлы мүмкіндіктері туралы мәлімет берді. Сондай-ақ, инвесторларға мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдау шаралары, салықтық және қаржылық жеңілдіктер, индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың артықшылықтары жан-жақты таныстырылды.

Нұралхан Көшеров облыс үшін инвестиция тарту экономиканы әртараптандыру мен жаңа жұмыс орындарын ашудың негізгі тетігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін жүргізілген келіссөздер нақты нәтижеге бағытталып, өндірістік жобаларды іске қосу кезеңіне өтуі тиіс. Осы орайда әкімдік тарапынан инвесторларға жобаларды сүйемелдеу, құжаттандыру, жер телімін бөлу және инфрақұрылымға қосу мәселелерінде толық қолдау көрсетілетіні айтылды.

Өз кезегінде қытайлық инвестор бірқатар салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдіріп, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты нақты жобалармен бекітіп, өзара тиімді әріптестікті дамытуға уағдаласты.

Айта кетейік, Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту, шетелдік және отандық инвесторларды тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл бастамалар өңір экономикасының өсуіне, өндіріс көлемінің артуына және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізбек.