КЕНТАУДА ҚАЛА ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШ-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қала тұрғындарымен жеке қабылдау өткізіп, халықты толғандырған бірқатар әлеуметтік және коммуналдық мәселелерді қарады. Қабылдауға қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, салалық бөлімдер мен жауапты мекемелердің жетекшілері қатысып, көтерілген сұрақтарға нақты түсіндірме берді.
Кездесу барысында тұрғындар жер телімдерін рәсімдеу, тұрғын үй кезегіне қатысты мәселелер, аула мен қоғамдық орындарға балалар ойын алаңшаларын орнату, қолданыстағы ойын алаңдарының қауіпсіздігін күшейту мақсатында бейнебақылау камераларын қою, сондай-ақ коммуналдық қызмет сапасына байланысты ұсыныс-шағымдарын жеткізді. Сонымен қатар әлеуметтік сипаттағы өтініштер де назардан тыс қалмады.
Қала басшысы әрбір тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, олардың заң талаптарына сәйкес шешілуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Жандос Қалмырзаұлы азаматтардың өтініштері назарда болатынын айтып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Қабылдау қорытындысы бойынша жауапты бөлімдерге көтерілген мәселелерді зерделеп, белгіленген мерзімде шешу, қажет болған жағдайда қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Қала әкімдігі алдағы уақытта да тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді жалғастырмақ.





