Сауран ауданында «Дара дауыс – 2026» облыстық ән байқауы жоғары деңгейде өтті

Сауран ауданының құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Дара дауыс – 2026» облыстық ән байқауы өңірдің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды. Ауқымды өнер додасы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жергілікті ақын-сазгерлердің шығармашылығын кеңінен насихаттау және жас орындаушыларға қолдау көрсету мақсатында өткізілді.
Байқау көне тарихымен танымал Сауран қалашығы орналасқан өңірде ұйымдастырылды. Бұл – тағылымы мол тарихи мекен мен заманауи өнердің тоғысқан тұсы болды. Шараға Түркістан облысына қарасты аудан, қалалардан 18 үміткер қатысып, жанды дауыста ән орындады. Қатысушылардың әрқайсысы сахна мәдениеті мен вокалдық мүмкіндіктерін барынша көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Байқауға кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы төрелік етті. Әділқазылар алқасының төрағасы – ҚР мәдениет қайраткері, композитор Әлімбай Ботақараев. Қазылар құрамында Шәмші Қалдаяқов атындағы МКҚК дыбыс режиссері, музыкалық продюсер Нұрсұлтан Назаров және халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Айжан Әбілханова болды. Қазылар әр қатысушының дауыс мүмкіндігін, орындаушылық шеберлігін, сахнадағы өзін-өзі ұстауын және шығарманы жеткізу деңгейін саралады.
Байқау барысында патриоттық, лирикалық және халық әндері шырқалып, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Жас орындаушылардың бойындағы талпыныс пен өнерге деген адалдық сахнадан анық сезілді. Әрбір қатысушы туған жердің мәдениетіне үлес қосуға ниетті екенін көрсетті.
Қорытынды кезеңде үздіктер анықталды. Бас жүлде Түлкібас ауданынан келген Ораз Нұрасылға бұйырды. I орынды Мақтаарал ауданының үміткері Асқар Азаматбек иеленді. II орын Арыс қаласынан қатысқан Әбдутәліп Аяжанға табысталды. Ал III орындар Сауран ауданынан Әзидолла Ақжүніске, Түркістан қаласынан Ашимхан Нұрдәулетке және Шардара ауданынан Жақыпбай Гүлмаралға берілді. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар Түркістан облыстық мәдениет басқармасының арнайы жүлдесі Бәйдібек ауданынан қатысқан Ақбөпе Ақылбекқызына табысталды. Ал Сауран ауданы әкімінің арнайы жүлдесі Созақ ауданынан келген Төлбей Әбілқасымға берілді. Байқауға қатысқан барлық өнерпаздарға Алғыс хаттар мен дипломдар табысталып, олардың шығармашылық ізденістеріне қолдау білдірілді.
«Дара дауыс – 2026» байқауы Сауран ауданында мәдени бастамалардың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Мұндай өнер алаңдары жас таланттардың танылуына, кәсіби деңгейін арттыруына және шығармашылық байланыстарды нығайтуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өңірдегі мәдени ортаға серпін беріп, ұлттық өнерді ұлықтауға жол ашады.
Өнер додасы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Байқау алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасып, жаңа есімдердің жарқырауына жол ашатыны сөзсіз.





