Келес ауданында ауылдарға мамандар тарту жұмыстары жүйелі жалғасуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында өңірлерді дамыту, ауылдық инфрақұрылымды нығайту және білікті кадрларды шалғай елді мекендерге тарту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Ауылдағы әлеуметтік саланы күшейту, жас мамандарға тұрақты жұмыс пен баспанаға қолжетімділік ұсыну – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Осы стратегиялық міндеттер аясында Келес ауданында «Дипломмен ауылға» мемлекеттік жобасы нәтижелі жүзеге асырылуда. 2009 жылдан бері қолға алынған бағдарлама ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталған. Жоба шеңберінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен және жергілікті мемлекеттік басқару салаларына жас мамандар тартылуда.
Бағдарламаға қатысушыларға нақты әлеуметтік қолдау қарастырылған. Ауылға жұмысқа орналасқан мамандарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін аудан орталығында 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал ауылдық елді мекендерде 2 000 айлық есептік көрсеткішке дейін бюджеттік кредит беріледі. Несие 15 жыл мерзімге рәсімделеді. Негізгі талап – маманның ауылдық жерде кемінде үш жыл еңбек етуі.
2025 жылы Келес ауданына келген 120 маманға көтерме жәрдемақы беріліп, 55 маман баспаналы болу үшін бюджеттік несие алды. Бұл шаралар әлеуметтік салалардағы кадр тапшылығын азайтып, жас мамандардың ауылда тұрақтап қалуына мүмкіндік берді. Ал 2026 жылы 50 маманға көтерме жәрдемақы беру және 27 маманды тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр.
Жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар ауылдық аумақтардың әлеуетін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға ықпал етпек.





