Келес ауданы: Ауыл шаруашылығында заманауи суару жүйесі енгізілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су үнемдеу технологияларын кеңінен қолданудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Елдегі міндет – жыл сайын кемінде 150 мың гектар жерге заманауи суару әдістерін енгізу.
Осы мақсатта Келес ауданында ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын ендіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе, су тапшылығы сезілетін аудандарда жаңбырлатып немесе тамшылатып суару әдістеріне көшу – қазіргі заман талабына сай шешім болып отыр.
Мысалы, Ошақты ауылдық округінде ЖШС «Бақнұр» 120 гектар жерге жаңбырлатып суару технологиясын енгізу жобасын іске асыруда. Жобаның жалпы құны 316 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Жоба аясында су тапшылығы бар аймақтарда мал азығын өндіру жоспарланып отыр. Бұл өнім көлемін арттырып қана қоймай, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізген шаруаларға нақты қолдау көрсетіледі: ұңғыма бұрғылау, құбыр тарту және су үнемдеу жабдықтарын сатып алу шығындарының 80 пайызына дейінгі бөлігі өтеледі.
Бұл шаралар Келес ауданының агросаласын жаңғыртып, су ресурстарын тиімді пайдалану мен өнімділікті арттыруға бағытталған.





