Түркістан облысы 2026 ЖЫЛҒЫ КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ: МАҚТА, ЖҮГЕРІ ЖӘНЕ МАҚСАРЫ АЛҚАПТАРЫ ҰЛҒАЙТЫЛДЫ

2026 жылы Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8 мың гектарға артты. Биыл жалпы егіс көлемі 919 мың гектарға жетеді деп жоспарланып отыр. Оның 536 мың гектары жаздық дақылдарға, 208 мың гектары күздік егіске, 175 мың гектары ескі жоңышқаға тиесілі.

Көктемгі дала жұмыстарының барысы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Өңір басшысы жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне дала жұмыстарын сапалы үйлестіруді тапсырып, барлық мәселелер бақылауда екенін айтты.

«Ауыл шаруашылығы бойынша бекітілген индикаторлар уақтылы әрі сапалы орындалуға тиіс. Жұмыс жоспары бар, мемлекеттік қолдау бар, енді тірлікті қарқынды атқару керек. Диқандарға берілетін жеңілдіктер мен қолдауларды түсіндіріп, тиісті жұмысты жүргізіңіздер. Қаржы институттары дала жұмыстарына бөлінген қаржыны талапқа сай үйлестіріп, шаруаларды қолдауы керек. Сор шаю жұмыстары уақтылы атқарылсын. Су үнемдеу технологиясын ендіру жұмыстарын жоспарға сәйкес мерзімінде жүргізуді тапсырамын», – деді Нұралхан Көшеров.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев өңірдегі дайындық деңгейі мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Биыл егіс құрылымын әртараптандыру және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар өзгерістер енгізілді. Мақта алқабы 17 мың гектарға ұлғайып, 162 мың гектарды құрайды, жүгері 15 мың гектарға артып, 55,2 мың гектарға жеткізіледі,ал мақсары 16 мың гектарға көбейіп, 85,4 мың гектарға орналастырылады. Су шығынын азайту мақсатында күріш алқабы 7 мың гектарға қысқарды, ал ауыспалы егіс талаптарына сәйкес бидай көлемі 25 мың гектарға азайып, 216,3 мың гектарды құрайды.

Қазіргі таңда облыс бойынша жер жырту жұмыстарының 82 пайызы, сор шаю жұмыстарының 52 пайызы орындалды. Оңтүстік аудандарда ерте пісетін көкөніс пен картоп дақылдарын егу қарқынды жүргізілуде. Жоспарланған 18,2 мың гектар ерте пісетін көкөніс дақылдарының 7 мың гектарына көшет отырғызылды, бұл шаралар ішкі нарықты ерте маусымда отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Көктемгі дала жұмыстарына 52,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Айлар бойынша нақты көлемдер белгіленіп, өңірлік операторлар анықталды. Баға бекітілгеннен кейін бес күн ішінде шаруаларға жанармай жеткізу жұмыстары басталады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жол картасына сәйкес, жыл соңына дейін 203,5 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Тыңайтқыш жеткізу мақсатында отандық өндірушілермен келісім жасалған: «ҚазАзот» – 48,2 мың тонна, «Қазфосфат» – 23 мың тонна. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы қоймаларда 25 мың тонна минералды тыңайтқыш сақтаулы, ал облыстық бюджеттен 9,5 млрд теңге бөлініп, 134 мың тонна тыңайтқышты субсидиялау мүмкіндігі қарастырылған.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 36,8 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі күнге 8,4 млрд теңгеге өтінімдер мақұлданып, 7,2 млрд теңгеге 321 жоба қаржыландырылды. Қосымша 15 млрд теңгеге екінші траншқа өтінім берілген, қаржы бөлінгеннен кейін тауар өндірушілерді несиелеу жалғасады.

Мақта алқабын сапалы тұқыммен қамтамасыз ету үшін 30 пайыздық сақтандыру қорын есептегенде 4,7 мың тонна мақта шиті қажет. Қазіргі таңда жергілікті тұқым шаруашылықтарында 1,6 мың тонна жоғары репродукциялық шит дайын, қосымша 3,1 мың тонна трейдерлік компаниялар мен мақта зауыттары арқылы импортталады. Биылдан бастап мақта шитін субсидиялау нормативтері 1,5–2 есеге ұлғайтылып, отандық және шетелдік тұқымдарға бөлек норматив белгіленді, бұл жергілікті тұқым шаруашылықтарын қолдауды күшейтеді.

Облыста көктемгі дала жұмыстарына 37,4 мың бірлік техника дайын. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 16 мың трактор, 3 мың соқа, 1 мың қопсытқыш, 4 мың дәнсепкіш және 14 мың тырма бар. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде өткен жылы 1 872 техника сатып алынып, жаңарту үлесі 9,2 пайызға жетті. Биыл 2 029 техника сатып алу жоспарланып отыр. «ҚазАгроҚаржы» тарапынан 5 пайыздық жеңілдетілген лизинг бағдарламасына 19 млрд теңге бөлініп, техника паркін 10 пайызға дейін жаңартуға мүмкіндік туды.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын сумен қамтамасыз ету үшін 3,8 млрд текше метр лимит бекітілді. Облыстағы 42 су қоймасының жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метрді құрайды, қазіргі таңда оның 6,5 млрд текше метрі немесе 76 пайызы толған. Вегетациялық маусым басталғанға дейін су көлемін толық жинақтауға мүмкіндік бар. Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша республикалық жоспар 27 мың гектарды құраса, облыс мүмкіндігін ескере отырып бұл көрсеткішті 50 мың гектарға жеткізуді көздеп отыр. Қазіргі уақытта 20,5 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары енгізілуде.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары жүйелі ұйымдастырылып, қажетті жанар-жағармаймен, тыңайтқышпен, тұқыммен, қаржыландыру және техникамен қамтамасыз ету шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл шаралар өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, өнім көлемін арттыруға және фермерлердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған.