Ордабасы ауданы: жылыжайда аралар арқылы табиғи тозаңдандыру енгізілген

Түркістан облысының Ордабасы ауданында заманауи жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Соның бір дәлелі – Көлтоған ауылының тұрғыны Алпамыс Тәңірбергеновтің жылыжай кешені. Кәсіпкер 20 соттық жерге жылыжай салып, қызанақ өсірумен айналысуда.
Жылыжайда «Разия» және «Ғ1» сұрыптары егілген. Барлығы 6 мың түп көшет отырғызылған. Әр түптен жылына екі рет 5 келіден өнім жиналады. Қызанақтың бір келісі орта есеппен 500 теңгеден сатылып, негізгі өнім Шымкент қаласының нарығына жөнелтіледі. Кәсіпке салынған инвестиция көлемі 9 миллион теңгеден асады.
Жобаның басты ерекшелігі – қызанақты тозаңдандыру табиғи жолмен жүзеге асырылады. Әр гүлге қолмен немесе химиялық препараттармен әсер ету қажет емес. Бұл мақсатта Нидерландтан әкелінген «ВЕ Смарт Шмель» аралары пайдаланылады. 20 соттық жылыжайда 50 ара гүлдерді тиімді тозаңдандырып, өнім сапасы мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Табиғи тозаңдандыру тәсілі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі экономикалық жағынан тиімді саналады. Жылыжайды жылыту үшін маусым барысында шамамен 80 тонна көмір қолданылады.
Көлтоған елді мекенінде тағы бір табысты жоба жүзеге асуда. Кәсіпкер Нұрсұлтан Сұлтанқұлов 25 соттық жылыжайда болгар бұрышын өсіреді. Мұнда «ТОПГИР» сұрпы егілген. Аталған сұрып жылыжайда қолайлы жағдай жасалған жағдайда бірнеше жыл қатарынан өнім беруге қабілетті.
Шаруашылық аумағында 9 600 түп бұрыш отырғызылған. Әр түптен айына орта есеппен 2 келі өнім алынады. Кәсіпорында 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ай сайын 2,5 тоннаға дейін өнім өндіріліп, шығындарды есептемегенде шамамен 2 миллион теңге көлемінде таза табыс түседі.
Ордабасы ауданындағы мұндай жобалар ауыл кәсіпкерлігін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң ықпал етуде.





