ОТЫРАРДА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫН ҚОЛҒА АЛДЫ

ОТЫРАРДА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫН ҚОЛҒА АЛДЫ,-деп хабарлайды Пресса24.кз.
Түркістан облысы құрамындағы Отырар ауылы тұрғындары елді мекенді абаттандыру және көгалдандыру бағытында бастама көтерді. Жергілікті халық бірлік танытып, ауыл аумағындағы бір гектар жер телімін қоршап, тұя мен қара тал көшеттерін отырғызды.
Бұл шараның негізгі мақсаты – ауылдың экологиялық ахуалын жақсарту, жасыл желек қорын арттыру және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейту. Бастама ауыл халқының туған жерге деген жанашырлығы мен ортақ іске жұмыла білетін ынтымағын айқындай түсті.
Шара барысында қатысушылар көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Отырғызылған көшеттерге тұрақты күтім жасалып, суару және қорғау шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар ауылдан шыққан түлектерге арнайы жер телімдері бөлініп, ауылды көркейту мақсатында кезең-кезеңімен көшет отырғызу жоспарланып отыр.
Аталған игі бастама Қарғалы ауыл округі аумағында жүзеге асуда. Бұл тәжірибе өзге де елді мекендерге үлгі болары сөзсіз. Мұндай қоғамдық белсенділік ауыл келбетін жақсартып қана қоймай, жас ұрпаққа табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.
Автор: Тәуекел Аманқалов





