Мақтааралда майлы дақылдарды өңдейтін жаңа өндіріс орны іске қосылды

Мақтааралда майлы дақылдарды өңдейтін жаңа өндіріс орны іске қосылды,-деп хабарлайды Пресса24.кз.

Түркістан облысында өндіріс орындарын көбейту және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы бастамалардың нәтижесінде Мақтаарал ауданында агроөнеркәсіп саласына бағытталған жаңа кәсіпорын – өсімдік майын өндіретін зауыт пайдалануға берілді. Аудан әкімі Бақыт Асанов «Мақтаарал АгроӨнеркәсіп кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты нысанға арнайы барып, өндірістің жұмыс барысымен танысты.

Жаңа зауыт Түркияның «HAS MAKINA YDK. PARC. MET. SAN. TIC. LTD. STI» компаниясының заманауи технологиялық жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы дайын өсімдік майын шығару жоспарланып отыр. Қазіргі заманғы өндірістік желілер өнім сапасын арттырып, шикізатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Кәсіпорын орналасқан аумақтың жалпы көлемі 4,3 гектарды құрайды. Ал өндірістік ғимараттың ауданы 2 686 шаршы метрден асады. Зауыттың құрылысы 2025–2026 жылдары жүргізіліп, биыл толық іске қосылды. Өндіріс орны тәулігіне 100-150 тоннаға дейін майлы дақыл тұқымдарын өңдей алады. Бұл көрсеткіш ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерін жергілікті жерде өңдеуге мүмкіндік беріп, аграрлық саланың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта кәсіпорында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта өндіріс көлемі ұлғайған жағдайда қосымша жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Аудан басшысы зауыттың жұмысымен танысу барысында өңір үшін мұндай өндірістік жобалардың маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың көбеюі шаруалардың еңбегін тиімді пайдалануға, жергілікті экономиканың дамуына және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға жол ашады. Сонымен қатар ол кәсіпорын ұжымына сәттілік тілеп, өндірісті одан әрі дамытуға бағытталған бастамаларға қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданы – Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы жақсы дамыған аймақтардың бірі. Сондықтан жаңа зауыттың іске қосылуы өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыруға және жергілікті кәсіпкерлікті жандандыруға серпін береді.