«Қайсар Шамшидинов автокөлік ұтып алды»Шардарада қазақ күресінен 62-ші дәстүрлі турнир өтті

Шардара ауданында қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің жүлдесі үшін 62-ші мәрте ұйымдастырылған дәстүрлі турнир өз мәресіне жетті. Бұл жолғы дода облыстық деңгейде өтіп, Түркістан өңірінің аудан-қалаларынан келген 9 команда, 106 балуан боз кілемде бақ сынады.

Әр салмақтағы үздіктер марапатталып, түйе балуан атағы үшін өткен бәсекеде 18 үміткер белдесті. Нәтижесінде шардаралық Қайсар Шамшидинов бас жүлдеге ие болып, «Chevrolet Nexia» автокөлігінің кілтін алды. Екінші орынды түркістандық Бибарыс Әбдуғани, үшінші орынды ордабасылық Мейірхан Бейсенәлі жеңіп алды.
Турнирдің жабылу салтанатына Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев, облыстық спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, және газет директоры-бас редакторы Абай Балажан қатысты. Олар қазақ күресінің ұлттық идеологиядағы рөлін атап өтіп, мұндай жарыстардың жастарды тәрбиелеудегі маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар дәстүрлі турнирді өткізу эстафетасы Отырар ауданына табысталды.
Жарыс мақсаты — ұлттық спортты дамыту, жастарды патриотизмге баулу, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау және облыс құрамасына іріктеу. 62 жылдық тарихы бар бұл турнир өңірлік спорттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған.





