Түркістан облысында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары түнгі ауысымда жалғасуда

Түркістан облысында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары түнгі ауысымда жалғасуда,-деп хабаралайды Pressa24.kz.

Түркістан облысында Марокко шегірткесінің көбеюіне байланысты зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары қарқын ала түсті. Ауа температурасының күрт ысуына байланысты дәрілеу жұмыстары түнгі уақытқа ауыстырылды. Бұл шешім зиянкеспен күрес тиімділігін арттыру мақсатында қабылданған.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес пен Сарыағаш аудандарындағы бірнеше секторды аралап, жүргізіліп жатқан шаралардың барысын бақылап қайтты. Сонымен қатар Шардара ауданындағы Жаушықұм, Арыс қаласына қарасты Қожатоғай мен Монтайтас, сондай-ақ Ордабасы және Отырар аудандары шекараларында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп тыңдады.

Отырар, Арыс және Ордабасы шекаралас аумақтарында соңғы төрт күн ішінде 850 гектарға жуық жер зиянкестен тазартылды. Бозай, Жамбыл, Ошақты және Бірлік ауыл округтерінде 140-тан астам анықтаушы мен ондаған арнайы техника жұмылдырылған.

– Халықтан түскен мәліметтер бойынша анықталған ошақтар дереу дәріленуі тиіс. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, барлық секторда кезекші техникалар дайын тұруы қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бүгінге дейін облыс бойынша жалпы 368,6 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілді. Атап айтқанда, Арыс – 132,9 мың, Келес – 108,8 мың, Сарыағаш – 97 мың, Шардара – 5,7 мың, Ордабасы – 11,5 мың, Бәйдібек – 5,7 мың, Қазығұрт – 4,9 мың гектар.