Жексенбі, 8 Маусым

Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 142 елді мекенде жұмыстар жүргізіледі

2025 жылы Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 142 елді мекенде 140 жоба жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа 21,8 млрд теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 54-і – өтпелі, 86-сы – жаңа жобалар. Жоба аясында 7 мектеп пен 1 спорт мектебі күрделі жөндеуден өтсе, 17 жаңа спорт нысаны мен 10 мәдениет нысаны салынады, алты мәдениет үйі жөнделмек.

Сонымен қатар 2 ауыз су нысанына жөндеу жүргізіліп, 7 жаңа электрмен жабдықтау нысаны тұрғызылады. 90 жоба елді мекен ішіндегі көшелерді жөндеуге бағытталған.

Жобалар облыс әкімінің қатысуымен өткен апталық мәжілісте талқыланды. Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров жұмыстарды сапалы және уақтылы орындауды, әрбір жобаның қатаң бақылауда болатынын атап өтті. Сонымен бірге тұрғындарды жұмыспен қамту міндетін де еске салды.

Мәжілісте ауыз сумен қамту және «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылу барысы да сөз болды. Бүгінде облыс қалалары 100% ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ауылдық елді мекендерде қамту деңгейі жыл сайын артып келеді. Қазір өңірде ауыз су бойынша 63 жоба жүзеге асырылуда: 36-сы биыл аяқталып, 30 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылады, 7 ауылда су жүйесі жаңартылып, тағы 2 ауылға жаңа су құбырлары тартылады.

Ал «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 29 мектептің құрылысы жоспарланған. Қазірге дейін 13 мектеп тапсырылып, 9-ында оқу процесі басталып кеткен. Биыл тағы 16 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Облыс басшылығы мектептердің сапалы салынуы мен ұстаздармен қамтамасыз етілуін жіті қадағалауда.