Түркістан облысында 4 қаржы пирамидасының жұмысы тоқтатылды

 

2024 жылы Түркістан облысында заңсыз жұмыс істеген 4 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Бахтияр Жүзенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, департаменттің жүргізген тергеу нәтижесінде «Charoit», «Eoulus», «Chia-Tai» және «Q-Net» қаржы пирамидалары анықталып, 25 күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Аталған тұлғалар 1 000-нан астам жәбірленушіден 400 миллион теңге жымқырған.

Қазіргі уақытта «Datamain Ai», «Асар баспана» және «Chia-Tai» қаржылық пирамидаларына қатысты тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы 36 желілік саябаққа қаржылық пирамидалардың тізімі енгізілген QR-кодтар орнатылған. Интернет кеңістігінде 1 500 алаяқтық чат бұғатталды.

Қаржы пирамидаларынан сақтандыру және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында мектептер мен жоғары оқу орындарында тұрақты түрде дәрістер өткізіліп келеді. Халық көп шоғырланатын орындарда ескерту материалдары таратылуда.

Айта кетейік, 2024 жылы еліміз бойынша ҚР Қаржылық мониторинг агенттігімен жалпы сомасы 20 млрд теңгеден асатын шығынмен қаржылық пирамидаларға қатысты 68 қылмыстық іс тергеліп, 13 млрд теңге жәбірленушілерге қайтарылған.