Түркістанды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қаладағы құрылыс алаңдарын аралап, 32 секторда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімнің тапсырмасына сәйкес, «Әзірет Сұлтан» халықаралық әуежайы маңынан 8 қатарлы шатыры бар автотұрақ салынуда. Сондай-ақ, әуежайдан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолына дейінгі аралықта жарық шамдары, Led-экрандар, билбордтар мен аялдамалар орнатылмақ.
Қала кіреберісіне ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендірілген 10 метрлік архитектуралық мүсін қойылады. Сонымен қатар, қала ішінде 30-дан астам бағыт-бағдар сілтеме белгілері орнату жоспарлануда.
Әкімшілік-іскерлік орталықтағы 24 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті заманауи жарықтандыру жүйесімен жабдықталуда. «Түркістан Арена» стадионы маңы көгалдандырылып, жасыл желек егу жұмыстары жүргізілуде.
Қалаға кіреберісте 5 мың орындық мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Бұл Өзбекстан тарапынан тарту ретінде салынып жатқан шығыс үлгісіндегі Ислам орталығы болмақ. Жоба аясында медресе, кітапхана, асхана, неке сарайы және басқа да нысандар қарастырылған.
Сонымен қатар, «Дендро саябақ» пен «Аттракциондар паркі» арасында көпір салу, «Жібек жолы» және «Желілік саябақ» аумақтарын көгалдандыру жоспарланған. Б.Саттарханов даңғылы бойындағы тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеті жаңартылуда. Бұл іске жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындар да белсенді атсалысып отыр.
«Керуен сарай» кешенінің құрылысы, таунхаус пен жаңа саябақтың салынуы, сондай-ақ, «Hampton by Hilton Turkestan» қонақ үйі мен театр аумағын жарықтандыру жұмыстары да жалғасуда.