Түркістанда Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалы ашылады

Түркістанда Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалы ашылады,-деп хабарлайды Pressa24.kz.
ТҮРКІСТАН. Түркістанда Оңтүстік Кореяның беделді «Woosong» университетінің заманауи филиалы бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталып, оқу ордасы биыл пайдалануға берілмек. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Әкімнің айтуынша, бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда.
– Бұл – жастарымыз үшін зор мүмкіндік. Университетті тәжірибелі оқытушылармен, заманауи құрал-жабдықтармен қамту маңызды. Жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтау қажет, – деді әкім.
Негізгі деректер:
- Университет 4 факультеттен тұрады:
1) Жасанды интеллект және үлкен деректер,
2) Бағдарламалық қамтамасыз ету,
3) Ақылды өндіріс (4-ші өнеркәсіптік революция),
4) Мультимедиа және веб-дизайн. - 2340 студентке дейін қабылдау жоспарланған.
- Ғимарат құрылысы 2025 жылғы 15 маусымға дейін аяқталады.
- 600 орындық жатақхана да салынуда.
- ҚР мемлекеттік білім стандарттарына сәйкестендіру және реестрге енгізу жұмыстары жүргізілуде.
- Түркістан облысы әкімдігі тарапынан грант бөлу мәселесі қарастырылып жатыр.
Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлескен бастамасы аясында іске асырылуда.