Қанат Бозымбаев Таразда оңтүстік өңірлердің дамуын талқылады

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барып, Тараз қаласында еліміздің оңтүстік өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы бойынша кеңес өткізді. Жиынға Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының әкімдері және ұлттық экономика мен қаржы вице-министрлері қатысты.
Кеңесте жаңа Бюджет кодексі шеңберінде Өңірлік стандарттар жүйесін негізге ала отырып, бюджеттік жоспарлау қағидалары түсіндірілді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі Шымкентте – 87,9%, Жамбылда – 74,1%, Қызылордада – 66,8%, Түркістанда – 66,3% болды. Бұл – республикалық орташа деңгейден жоғары көрсеткіштер.
Бозымбаев оңтүстік өңірлердің экономикалық өсімін ауыл шаруашылығы мен шағын бизнестің дамуы қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті. Алайда инфрақұрылымды жаңғырту басты мәселе ретінде көтерілді. Осыған орай, вице-премьер жобаларды жоспарлау кезінде өңірлік стандарттар көрсеткіштерін басшылыққа алуды тапсырды.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында Жамбылда – 10 мың, Қызылордада – 8 мың, Түркістанда – 23 мың жұмыс орнын ашу көзделген инвестициялық жобалар ұсынылды. Қанат Бозымбаев олардың іске асырылуын жеделдетуді тапсырды. Жобаны қаржыландыру мәселесі Ұлттық экономика, Қаржы, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктеріне бірлесіп қарастыру жүктелді.
Сапар аясында Қанат Бозымбаев Қазақ ұлттық су шаруашылығы және мелиорация университетінің ұжымымен кездесіп, Тараздағы жаңа шағынаудандағы тұрғын үй құрылысы мен Түйте каналы бойындағы абаттандыру жұмыстарын аралады.