Қостанайда тәрбиеші мүгедек қызды үтікпен күйдірген

Қостанайда тәрбиеші мүгедек қызды үтікпен күйдірген,-деп хабарлайды Pressa24.kz.
Қостанай облысында әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиешісі ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталды.
Тергеу деректеріне қарағанда, 14 наурыз күні ол 17 жастағы мүгедек қызға еш себепсіз үтік басып, денесін күйдірген. Қатыгез әрекет орталықтағы бейнебақылау камераларына жазылып қалған. Бұл оқиғадан соң мекеме басшылығы құқық қорғау органдарына шағым түсірген.
Сот процесінде әйел өз кінәсін толық мойындап, қатаң жаза қолданбауды өтінді. Айтуынша, оқиға алдында отбасында жанжал болып, ашуын балаға шығарған. Сондай-ақ ол кішкентай баласының бар екенін алға тартқан.
Сот шешімімен тәрбиеші 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ол түнгі уақытта үйінен шықпауы тиіс және тұрақты түрде пробациялық бақылаудан өтеді. Сонымен бірге алдағы жарты жыл бойы қоғамдық жұмыстарға, соның ішінде көше сыпыруға міндеттелді.
Қоғам арасында бұл үкімнің әділдігіне қатысты пікірталас туындады. Көпшілік мүгедек баланы әдейі күйдірген адамға бұдан да қатаң жаза қолдану керек еді деген ойда.





