А.ҮСЕНОВТЕ ЖОЛ ЖӨНДЕЛУДЕ: САПАҒА САҚАДАЙ БАҒЫТ

Сауран ауданына қарасты А.Үсенов елді мекеніне апаратын автожолда орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан орталығынан елді мекенге дейінгі 4 шақырымдық жол учаскесі толықтай жаңартылуда. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құрылыс нысанына арнайы барып, жұмыс барысын көзбен көріп, сапасына жіті назар аударды.
Жобаның жүзеге асуын аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі үйлестірсе, мердігерлік жұмыстарды «Жайлау-Агро» ЖШС атқаруда. Ал техникалық қадағалаушы – «Сами» ЖШС. Құрылыс барысында жолдың ені 6 метрге дейін кеңейтіліп, 5 сантиметрлік асфальт төселіп жатыр. Сонымен қатар, жол жиегі екі жағынан 1,5 метрге дейін тегістеліп, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жол белгілері мен сызықтар орнатылады.
Аудан әкімі мердігер өкілдеріне нақты міндеттер жүктеп, жөндеу жұмыстарының сапасы мен уақтылы орындалуына ерекше көңіл бөлуді тапсырды. «Инфрақұрылым – ел дамуының негізі. Халыққа ыңғайлы әрі қауіпсіз жол салу – әкімдіктің басты басымдығы», – деді Мақсат Таңғатаров.
Бұл жобаның жүзеге асуы ауыл тұрғындарының күнделікті қатынасына қолайлылық туғызып, жалпы аудандық жол инфрақұрылымының жаңғыруына жол ашады. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта басқа елді мекендерде де жалғасын табады.