Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы – рухани жаңғырудың үлгісі

Биыл қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы, ағартушы, аудармашы әрі композиторы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Абай есімі – қазақ халқының рухани әлемінің биік шыңы, ұлттық әдебиет пен мәдениеттің алтын діңгегі.

Абай XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүріп, өзінің шығармалары арқылы қазақ қоғамын жаңаша ойлауға, білім мен ғылымға, әділет пен адалдыққа үндеді. Оның 45 қара сөзі – өмір философиясының, адамгершілік пен парасаттылықтың қайнар көзі. Өлеңдері мен поэмалары ұлттық әдебиет қорына өлшеусіз үлес қосып, халық санасында мәңгілік орын алды.

180 жылдық мерейтой аясында еліміздің барлық өңірінде тағзым шаралары, әдеби кештер, ғылыми конференциялар, поэзия оқулары ұйымдастырылып жатыр. Бұл – тек еске алу ғана емес, Абай мұрасының бүгінгі күнде де өзектілігін дәлелдеу. Өйткені оның еңбектерінде көтерілген білімге ұмтылу, бірлік, әділдік, еңбекқорлық сынды құндылықтар уақыт өткен сайын маңызын жоймайды.

Арыс қаласында да ақын рухына тағзым ету мақсатында орталық кітапхана жанындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Жиынға қала басшылығы, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар қатысты. Сондай-ақ кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақынның шығармашылығына арналған сахналық қойылымдар мен өлең оқулары өтті.

Абай – бір ғана дәуірдің ақыны емес, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл. Оның шығармалары ұлттық шеңберден асып, әлемдік деңгейде бағаланып келеді. ЮНЕСКО шешімімен ақынның мерейтойлары бірнеше рет халықаралық ауқымда аталып өтті. Бұл – Абайдың адамзат өркениетіне қосқан үлесінің мойындалуы.

Бүгінгі ұрпақ үшін Абай мұрасын танып-білу – тек әдеби білім емес, рухани жетілу жолы. Оның өсиеттері мен ойлары – әр қазақтың жүрегінде жаңғырып тұратын асыл қазына.