АБАЙ ОБЛЫСЫНА ТҮРКІСТАННАН СЫЙ: СЕМЕЙДЕ КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНАДЫ

Семей қаласында өткен «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумында Түркістан облысы Абай өңіріне заманауи Көрме орталығын салып беретін болды. Бұл бастама «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында жүзеге асады.

Форум жұмысына Парламент пен Сенат депутаттары, шетелдік және отандық инвесторлар, қоғам қайраткерлері мен ірі кәсіпкерлер қатысты. Түркістан облысы атынан шараға әкім аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев қатысып, түркістандықтардың ізгі сәлемін жеткізді.

— Абай облысының құрылуы – еліміздің рухани жаңғыру жолындағы маңызды қадам. Бұл – ұлы ойшылға деген құрметтің көрінісі. Түркістан облысы осы бастамаға үн қосып, Семейде Көрме орталығын салуды өз міндетіне алды. Бұл орталықта мәдени, ғылыми, іскерлік шараларды өткізуге толық жағдай жасалады. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының тапсырмасымен құрылыс жұмыстары басталады, – деді Еркебұлан Дауылбаев.

Сый ретінде тарту етілетін Көрме орталығы – Абай өңірінің инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, ішкі және сыртқы туризмді жандандыруға, өңіраралық байланысты нығайтуға серпін бермек.

Форум барысында «Абайға құрмет» акциясына бірнеше өңірден өкілдер қолдау білдіріп, нақты жобалар ұсынды.