АЙМАҚ БАСШЫСЫ: ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ – АУЫЛ КӘСІПКЕРЛІГІН ҚОЛДАУДАҒЫ НӘТИЖЕЛІ ТЕТІК

Сарыағаш ауданында ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және шағын бизнесті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың маңызды құралдарының бірі – қайтарымсыз гранттар ауыл тұрғындарына өз кәсібін ашып, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік беруде.
Жұмыс жоспарына сәйкес аудан әкімі Арман Абдуллаев мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері атанған бірқатар кәсіпкерлердің жұмысымен танысып, жүзеге асырылып жатқан жобалардың тиімділігіне назар аударды.
Аудан басшысы алдымен Құркелес ауылдық округінің тұрғыны, көпбалалы ана Жансая Асанованың жүк көліктеріне арналған жуу орталығына барды. Қазіргі таңда нысан тұрақты жұмыс істеп тұр және бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Әкім кәсіпкердің бастамасына оң бағасын беріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ Құркелес ауылдық округінде тұратын сегіз баланың анасы Меруерт Ширинованың көрпе тігу шеберханасының тыныс-тіршілігімен танысты. Кәсіпкер «Жібек жолы» базары аумағында өз ісін жолға қойып, күнделікті тұрмысқа қажетті көрпе-жастықтар мен өзге де тігін бұйымдарын өндіруде. Бүгінде аталған шеберхана екі адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Кәсіпкерлермен әңгіме барысында аудан әкімі қайтарымсыз гранттардың басты мақсатына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл қолдау тетігі ауыл тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамтып, экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған.
– Қайтарымсыз гранттардың негізгі мақсаты – тұрғындардың табыс табуына жол ашу және кәсіпкерлікке ынталандыру. Жұмыспен қамтылған халықтың үлесі – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіші. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесінде ауданда кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар саны жыл сайын артып келеді, – деді Арман Абдуллаев.
Айта кетейік, Сарыағаш ауданында алдағы уақытта да ауыл кәсіпкерлігін дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын таба бермек.





