«AMANAT» партиясы Арыста жергілікті бастамалармен танысты

Бүгін «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасы, облыстық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Арыс қаласына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік маңызды нысандарды қарап, тұрғындармен кері байланысты күшейтті.

Сапарға қалалық филиал төрағасы Бақтығали Ділдәбеков, қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов және партия активі қатысты.

Партия өкілдері алдымен Ақдала ауылдық округіндегі мәдениет үйі жанындағы «Ақдала» бастауыш партия ұйымына барды. Алтынсары Дүйсенбекұлы тұрғындармен тікелей жұмыс жүргізу және нақты мәселелерді тыңдап, шешу жолдарын табу басты мақсат екенін атап өтті. Ол партияның ауыл-аймақпен байланысын нығайтып, бастауыш ұйымдарды қоғамдағы өзгерістердің қозғаушы күші етуге шақырды.

Жиын барысында жергілікті халықтың ұсыныстары тыңдалып, көкейкесті мәселелері партия бақылауына алынды. Қалалық филиал төрағасы Бақтығали Ділдәбеков партия жұмысының жүйелі жолға қойылғанын, бастауыш ұйымдардың белсенділік танытып, әлеуметтік жобаларға қатысып жатқанын айтты.

«Ақдала» бастауыш партия ұйымының төрағасы Санжар Маханов партиялық жұмыстардың барысын баяндап, тұрғындармен күнделікті байланыс орнатылғанын және әлеуметтік мәселелердің уақытылы тиісті органдарға жеткізілетінін жеткізді. Партияның қолдауының арқасында көптеген мәселе шешімін табуда.

Қазіргі таңда Арыс қалалық филиалы құрамында 5 мыңнан астам мүше бар, олар 15 бастауыш партия ұйымы арқылы біріктірілген. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, қоғамдық мәселелерді шешу және тұрғындармен тікелей жұмыс – филиал жұмысының басты бағыттары.

Сапар соңында партия төрағасы аймақ белсенділерімен пікір алмасып, алдағы міндеттерді айқындады.