Арыс қаласында балаларға арналған жаңа демалыс алаңдары ашылды

- Түркістан облысында тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған жобалар жалғасуда. Соның аясында Арыс қаласында үш бірдей заманауи балалар ойын алаңы іске қосылды.
Жаңа алаңдар Арбат аймағында, ШПЗ елді мекеніндегі Н.Ільясов көшесінде және орталықтағы М.Жұмабаев көшесінде орналасқан. Әр алаң толық жабдықталып, балалардың жас ерекшеліктеріне бейімделген ойын құрылғыларымен қамтамасыз етілді. Мұнда 10-нан астам спорттық әрі ойын элементтері орнатылып, түнгі жарықшамдар қойылған. Бұл бүлдіршіндердің қауіпсіз әрі белсенді демалуына мүмкіндік береді.
Қала билігінің мәліметінше, биыл Арыс аумағында барлығы 17 жаңа ойын алаңшасын орнату көзделген. Оның ішінде 10-ы қала ішінде, 7-еуі ауылдық елді мекендерде бой көтерді. Барлығы қазіргі заман талаптарына сәйкес салынған.
Бұдан бөлек, Арыс орталығындағы А.Сүлейменов көшесі мен Монтайтас, Жиделі ауылдық округтерінде футбол алаңдарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетерлігі, бұл жобалар қала әкімінің халықпен кездесуінде айтылған тұрғындардың ұсыныстары негізінде қолға алынған.





