АРЫС ҚАЛАСЫНДА КӘСІПКЕРЛЕР ҮШІН ЖАҢА САЛЫҚ ЖЕҢІЛДІГІ ҚОЛДАНЫСҚА ЕНДІ

Түркістан облысының Арыс қаласы өңірде бірінші болып шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында маңызды шешім қабылдады. Қаладағы бизнес субъектілері үшін табыс салығының мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді.

Бұл ұсыныс Арыс қалалық мәслихатының 6 қарашада өткен сессиясында қаралып, депутаттар толық қолдады. Шешімнің күшіне енуі кәсіпкерлердің шығындарын азайтып, жаңа өндірістердің ашылуына және өңірдегі экономикалық белсенділіктің артуына оң әсер етеді деп күтілуде.

Арыс қалалық мәслихатының депутаты әрі «AMANAT» партиясы қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбековтің айтуынша, табыс салығын төмендету – аудан экономикасын жандандыратын нақты қадам.

«Салықтың 4 пайыздан 2 пайызға қысқаруы – кәсіпкерлер үшін айтарлықтай қолдау. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетеді, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етеді, инвестициялық орта жақсарады. Мұндай жеңілдіктердің арқасында Арыста бизнес субъектілері көбейіп, қаладағы әлеуметтік жағдай да жақсарады», – деді ол.

Бақтығали Ділдәбеков аталған бастаманы ел экономикасын дамытуға қосылған үлес ретінде бағалап, оны қолдауға шақырды.