Арыс қаласында жылыту маусымына байланысты қауіпсіздік шаралары түсіндірілді

Арыс ауданында жылыту кезеңінде орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатымен кең ауқымды түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Төтенше жағдайлар бөлімі мамандары бұл іске қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі бөлімі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы, газ инспекциясы мен Жастар ресурстық орталығының қызметкерлерімен бірге атсалысты. Бірлескен топтың басты міндеті – тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, тұрмыста жиі кездесетін қатерлердің алдын алу.
Түсіндіру барысында мамандар жеке үйлерді аралап, пешпен жылыту кезіндегі қауіпсіздік талаптарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Әсіресе, дұрыс орнатылмаған немесе уақтылы тазаланбаған пештердің улы газ тарату қаупі жоғары екендігі ескертілді. Улы газбен улану жағдайларының көпшілігі қарапайым сақтық ережелеріне мән бермеуден туындайтынын айтқан мамандар үй иелерін мұржаны жүйелі тазалап, пештің тартысын тексеріп тұруға шақырды.
Сонымен қатар электр құралдарын қолдану мәдениетін арттыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Тұрғындарға ескі сымдарды ауыстыру, желілерді шамадан тыс жүктемеу, жөндеу жұмыстарын тек мамандарға жүктеу қажеттігі түсіндірілді. Көп жағдайда өрттің шығуына тоқ желілеріндегі ақаулар себеп болатынын атап өткен құтқарушылар әрбір азаматтың қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауы керектігін айтты.
Түсіндіру жұмыстары тек ауызша ақпаратпен шектелмей, арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетіліп, қауіпті жағдайлардан қорғанудың жолдары нақты мысалдармен түсіндірілді. Сонымен бірге тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері, улы газдан қорғану тәсілдері және электр қондырғыларын пайдалану талаптары жазылған жаднамалар таратылды. Бұл буклеттер кез келген уақытта қайта қарап шығуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, жылыту маусымында қауіптің алдын алу – ортақ міндет. Әр үй жылу жабдықтарын бақылап, қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз орындаса, өрт пен улану оқиғалары айтарлықтай азаяды. Төтенше жағдайлар бөлімінің профилактикалық шаралары алда-жалда төтенше жағдайлардың алдын алуға үлкен үлес қоспақ.





