Арыс жастары «Bir Tolqynda» кешінде бас қосты

Aрыс қаласында жастарға арналған «Bir Tolqynda: Жастар кеші» атты ерекше шара өтті. Қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған кешке қала әкімі Қайсар Маңқараев қатысып, белсенді жастармен ашық диалог алаңын құрды.
Шара жастар көрмесінен басталып, онда жас кәсіпкерлер мен оқушылар өз жобалары мен өнер туындыларын ұсынды. Байырқұм ауылындағы мектеп оқушылары — Медеу Әділет пен Асылжан Жақсыбайдың смарт-автотұрақ пен ұлттық ойындарға негізделген автономды робот жобалары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қала әкімі жас өнертапқыштардың еңбегін жоғары бағалап, қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Кеш аясында шығармашылық туындылар мен қолөнер бұйымдары да көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеден соң өткен ашық диалогта жастар білім, кәсіпкерлік, бос уақытты тиімді өткізу және мәдени өмір туралы ойларын ортаға салды. Қала басшысы жастардың ұсыныстарын мұқият тыңдап, тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.
Кеш табиғат аясындағы бейресми отырыспен жалғасып, өнер мен достыққа ұласқан жылы жүздесумен аяқталды. Жастар ән айтып, күй тартып, өлең оқып, шынайы атмосферада естелік суреттерге түсті.