АРЫСТА ӘЙЕЛДЕРДІҢ САЯСИ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

АРЫСТА ӘЙЕЛДЕРДІҢ САЯСИ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ
Арыс қаласында әйелдердің саяси белсенділігін арттыруға бағытталған семинар-тренинг өтті. Іс-шара «Отбасы істері және гендерлік саясат» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Семинарға «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова, сондай-ақ «Отбасыны қолдау орталығының» мамандары мен қала жастары қатысты.
Жобаны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша «Шығармашыл жастар» қоғамдық қоры жүзеге асыруда. 16-19 маусым аралығында өтетін бұл бастама қыркүйек айында республикалық қорытынды семинармен түйінделеді.
Семинар барысында қатысушылар медиативтік тәсілдер, құқықтық сауаттылық, отбасындағы дағдарыстардың алдын алу, гендерлік теңдік және көшбасшылық тақырыптары бойынша пайдалы білім мен тәжірибе алды.
Жобаның басты мақсаты — облыстағы 17 аудан мен қаладан іріктелген 85 әйелді саяси менеджмент мектебінде оқыту арқылы олардың қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуына мүмкіндік жасау.
Семинарлар «AMANAT» партиясының «Томирис» бағдарламасы негізінде ұйымдастырылып, әйелдердің саяси сауатын арттыруға, отбасылық құндылықтарды насихаттауға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар, медиаторлар мен психологтардың қатысуымен сала мамандарын даярлау көзделуде.





