Арыста курсанттар жарылғыш заттарды залалсыздандыру бойынша тәжірибеден өтті

Арыста курсанттар жарылғыш заттарды залалсыздандыру бойынша тәжірибеден өтті,-деп хабарлайды Пресса24.кз.

Арыс қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты мен Қорғаныс министрлігі Бас штабының инженерлік әскерлер департаменті бірлесіп, инженерлік қамтамасыз ету бойынша тәжірибелік сабақтар өткізді.

Сабақтар 44859 әскери бөлімінің базасында ұйымдастырылып, оған «Әскери істің инженерлік қамтамасыз етілуі» мамандығы бойынша білім алып жүрген 3 және 4 курс студенттері — барлығы 31 курсант қатысты.

Болашақ инженерлік әскер офицерлеріне саперлердің жарылыс пен өрт салдарын жою кезіндегі нақты іс-қимылдары көрсетілді. Курсантар заманауи іздеу, залалсыздандыру және аса қауіпті жарылғыш заттарды жою жабдықтарымен танысты. «Бастарма» полигонында курсанттар жарылғыш заттарды жоюдың тәжірибелік кезеңіне тікелей қатысып, өз қолдарымен жұмыс істеді.

Оқу барысында олар оқ-дәрілердің қоймаларда сақталу тәртібін, бүркемелеу құралдары мен арнайы тосқауылдардың (габиондардың) жасалу жолдарын үйренді. Сабақтарда қауіпсіздік ережелерін сақтау, жарылғыш заттарды іздеу, тасымалдау және залалсыздандыру кезіндегі іс-қимыл тәртібі егжей-тегжейлі пысықталды.

Нәтижесінде курсанттар жарылғыш заттардан жергілікті жер мен нысандарды тазарту бойынша практикалық дағдыларды меңгерді және оқ-дәрі қоймаларындағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюда қауіпсіздік шараларын сақтау әдістемесін игерді.

Инженерлік әскер офицері қызметі жоғары жауапкершілік пен қауіп-қатерге толы мамандық саналады. Болашақ саперлер мұндай тәжірибелік сабақтарда жинақтаған білімдері мен машықтарының болашақта жауынгерлік тапсырмаларды тиімді әрі қауіпсіз орындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.