АРЫСТА ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА БАТЫР АНАЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

 

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – ел тарихындағы ең қастерлі әрі тағылымы терең мерекелердің бірі. Осы айтулы дата қарсаңында Арыс қаласында көпбалалы аналарды құрметтеуге арналған салтанатты шара ұйымдастырылып, аналардың қоғамдағы, отбасы мен ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбегі кеңінен ұлықталды.

Шара барысында Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев Мемлекет басшысының Жарлығымен марапатталған алтын құрсақ аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік төсбелгілерін салтанатты түрде табыстады. Марапаттау рәсімі аналардың мерейін өсіріп, олардың қоғамдағы мәртебесін тағы бір мәрте айқындай түсті.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген қала әкімі аналарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, олардың ел болашағын қалыптастырудағы айрықша рөліне тоқталды.

— Ана – әр шаңырақтың ғана емес, тұтас қоғамның тірегі. Сіздер тәрбиелеген ұрпақ – еліміздің ертеңі, мемлекеттің ең басты байлығы. Ұрпақ өсіру, оны білімді, тәрбиелі етіп қалыптастыру жолындағы еңбектеріңіз – өлшеусіз. Бұл марапат – мемлекет тарапынан аналарға көрсетілген зор құрметтің белгісі, – деді Қайсар Маңқараев.

Шара барысында мемлекеттік марапатқа ие болған аналар көрсетілген ілтипат пен қолдау үшін алғыстарын білдіріп, елдің амандығы мен ұрпақтың болашағы үшін ақ тілектерін жеткізді. Салтанатты жиын соңында марапат иелері естелік суретке түсіп, мерекелік көңіл-күйге бөленді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Арыс қаласында 2700-ден астам көпбалалы және батыр ана бар. Олар мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаулармен толық қамтылған. Атап айтқанда, көпбалалы аналар табысына қарамастан ай сайын мемлекеттік жәрдемақы алады. Сонымен қатар, қоғамдық көліктерде тегін қатынау құқығына ие болып, бірқатар әлеуметтік жеңілдіктермен қамтамасыз етілген.

Тәуелсіздік күні қарсаңында аналарды ұлықтау – елдің отбасы құндылықтарына, демографиялық саясатқа және ана мен балаға деген айрықша қамқорлығына берілген жоғары бағаның айқын көрінісі. Бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын тауып, аналарға деген құрмет әрдайым биік болмақ.